$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Эксклюзив

«Атам үш қызын орманға тастап кеткен»: қазақтар құтқарған қыздың ұрпағы әулет тарихын айтып берді

Әлеуметтік желіде Наташа есімді қолданушы отбасы тарихындағы жүрек тебірентерлік оқиғамен бөлісті. Оның айтуынша, арғы атасы үш қызын орманға тастап кеткен. Тағдырдың жазуымен үш қызды көрші ауылдағы қазақтар тауып алып, әрқайсысын өз үйлеріне алып, тәрбиелеп өсірген. Наташа бұл оқиғаны еске алып, сол мейірімді жандардың арқасында өмірі жалғасқанын айтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Қайтып келем деп – оралмаған»

Коллаж: AI/Tizgin.kz

«Менің арғы атамның әйелі өмірден озып, үш қызымен жалғыз қалған екен. Арада бірнеше жыл өткен соң басқа әйелге үйленеді. Ол «Балаларың маған керек емес» деген. Бұл әңгіме 7 жастағы қыздың есінде қалған. Сонда арғы атам жеті жастағы әжемді және оның екі кіші сіңлісін арбаға отырғызып, «Морозка» ертегісіндегідей, орманға алып кетеді. Қыздарын арбадан түсіріп, «Су алып келемін, мені күтіп отыра тұрыңдар» деп кетіп қалады және қайтып оралмаған», – дейді Наташа.

«Көрші ауылдағы қазақтар асырап алған»

Оның айтуынша, үш қыз қазақ халқының қамқорлығының арқасында аман қалған.

«Үш қызды көрші ауылдағы қазақтар тауып алып, оларды өз үйлеріне бөліп алып, тәрбиелеп өсіреді. Сол мейірімді жандардың арқасында мен дүниеге келдім. Жоғарыда айтқан 7 жастағы қыз – менің әжем. Ол мен үшін әлемдегі ең керемет әже болды. Осы оқиғаны жылап айтып отыратын», – деп жазды ол.

«Атамның бауыры Қазақстандағы жетімдер үйін паналаған»

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оқиғаға қатысты әртүрлі пікір жазды. Украин азаматы өз оқиғасымен бөлісті:

«1921 жылы коммунистер келіп, 9 баланың ата-анасын алып кеткен, ал балаларды нағашы әпкесі мен жездесі тәрбиелеп өсірген. Кейін олар ауқатты болып, сиырлары, ешкілері және үш үйі болған. Үлкендері ер жетіп, кішілері мектепте оқып жүрген.

1930-жылдары коммунистер қайта келіп, олардың барлығын тайгаға айдап әкеткен. Тек менің атам ғана қалған. Оны балалар үйіне жіберген, кейін арнайы үлестіру орнына ауыстырған. Атам бәрі оны ұмытып кетті деп ойлаған. Бірақ 1939 жылы ол туған ағасын кездестіріпті. Ағасы Қазақстанның бір қаласындағы балалар үйінде болған екен. Осылайша, отбасының басқа мүшелері қайда кеткені белгісіз болып, барлығы жоғалып кеткен кезде, екеуі қайта қауышқан», – дейді ол.

«Бөтен бала болмайды»

«Құдайым-ау, бұл сұмдық әрі жиіркенішті әрекет екен. Мен Қазақстанда тұрамын, бізде расында да бөтен бала деген болмайды, бәрі өз баламыз», – деп жазды тағы бір оқырман.

 

«Біз бала кезімізде «Бас бармақтай бала» ертегісін оқыдық. Сол кезде-ақ «Қандай сұмдық!» деп ойлайтынмын. Ата-анасы балаларын орманға апарып, қасқырларға тастап кеткен, өйткені өздері де тамақтануы керек, ал балаларын асырауға шамалары жетпеген.. Мен бала кезімнің өзінде: «Бұл не деген сұмдық?» деп ойлайтынмын. Ертегілердің бәрі белгілі бір дәрежеде шынайы оқиғаларға негізделген сияқты…», – дейді Жади Танкаева есімді оқырман.

«Итімді орманға апарып тастаған туыстарымды кешіре алмай келемін….»

«Менің отбасым да кезінде итімізге осылай жасаған. Сол үшін оларды 30 жылдан бері кешіре алмай келемін. Ал мұнда әңгіме балалар туралы болып отыр – оларды алып, орманға апарып тастаған…»,

 

«Бауырымыздай болған қазақ халқына шын жүректен мың алғыс!», – деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button