Спорт

Асу Алмабаев UFC-дегі жарқын жеңісі үшін бонус алды

Қазақстандық танымал UFC файтері Асу Алмабаев Әзербайжан астанасы Бакуде өткен турнирде айқын жеңіске жеткен соң қосымша табысқа ие болатыны белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

АЛМАБАЕВТЫҢ АЛДАҒЫ ҚАРСЫЛАСЫ КІМ

Оның жаттықтырушысы Эдуард Базров Tengri Sport тілшісіне жекпе-жектен кейінгі әсері, қазақстандықтың сирек кездесетін әдісі, гонорары және болашақ қарсыласы туралы айтып берді.

Бұған дейін 28 маусымға қараған түні Бакуде (Әзербайжан) өткен UFC Fight Night 280 турнирінде қазақстандық файтер Асу Алмабаев америкалық Чарльз Джонсонды мерзімінен бұрын жеңген болатын. Жекпе-жектің үшінші раундында Алмабаев қарсыласын партерге түсіріп, өте сирек қолданылатын “Сулоев созылуы” (Suloev stretch) әдісімен жеңіске жетті.

ТАРИХТА СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ӘДІС

Жекпе-жектен кейін Tengri Sport тілшісі қазақстандық спортшының жаттықтырушысы Эдуард Базровпен хабарласты. Маман Алмабаевтың жеңісіне бүкіл команданың шексіз қуанғанын жеткізді.

“Асудың осыншалықты тер төгіп, дайындалғанына және соның нәтижесінде осындай әсерлі жеңіске жеткеніне өте қуаныштымын”, – деді жаттықтырушы Tengri Sport-қа берген сұхбатында.

“Сулоев созылуы” – UFC тарихындағы ең сирек кездесетін әдістердің бірі. Промоушен тарихында бұл әдіс бұған дейін небәрі 3 рет сәтті орындалған, Асу оны 4-ші болып жасады. Жаттықтырушының айтуынша, Алмабаев өз сәтін күтіп, күрестегі тәжірибесін ұтымды пайдаланған, бұл өз кезегінде осындай жарқын финишке алып келді.

“Жекпе-жектен кейін Асумен сөйлестік. Ол позицияны мүлт жібермей, бірден іліп әкетті. Бұл әдісті жаттығуларда қолданып жүретін. Жиі жасамаса да, дайындық кезінде балалар осы әдіске түсіп қалатын”, – деп жауап берді маман.

“БІЗДІҢ МІНДЕТ – ЖЕҢІСТІ ҚОЛДАН БЕРМЕУ”

Алмабаевтың UFC-дегі бұған дейінгі америкалық Алекс Переске қарсы жекпе-жегі де таңғажайып әдемі сабмишенмен аяқталған болатын. Ол кезде қазақстандық спортшы қарсыласын “ұшқан гильотина” әдісімен берілуге мәжбүр еткен еді.

Базровтың сөзіне қарағанда, мерзімінен бұрын жеңіске жету – басты мақсат емес, тек жағымды қосымша жетістік қана.

“Біз ешқашан жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға немесе қарсыласты міндетті түрде нокаутқа түсіруге бекініп шықпаймыз. Біздің міндетіміз – дайындалып, жеңісті қолдан бермеу. Ал жекпе-жек барысында жағдайға қарай әрекет етеміз, көбіне тік тұрып жұмыс істеуге тырысамыз. Асудың тік тұрып та жақсы жұмыс істегенін көрдіңіздер. Қолмен де, аяқпен де соққылар болды, прессинг пен күресті де көрсетті. Сондықтан процесс кезінде түрлі мүмкіндіктер туындайды. Егер сәті түссе, Асу нокаутқа да түсіре алады. Оның қол соққысында да, аяқ соққысында да жойқын күш бар. Сондай-ақ Асу кез келген әдіске де түсіріп алуға қауқарлы”, – деп бөлісті жаттықтырушы.

Back to top button