Астанадағы жаңа үш LRT желісі қай жерлерден өтеді: Барлық станция тізімі
Жоба бойынша барлығы 20 станция салу жоспарланған.
Астанадағы жеңіл рельсті көліктің (LRT) екінші кезеңі аясында ұзындығы шамамен 26,5 шақырым болатын екінші, үшінші және төртінші желілер салынады. Бұл туралы экологиялық порталға жарияланған ықтимал әсерлер туралы есепте айтылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жоба аясында 20 станция салынады
Жоба бойынша барлығы 20 станция салу жоспарланған, оның бірі – ауысып мінуге арналған станция. Сонымен қатар үшінші және төртінші желілер үшін автотұрақтар салынады.
Екінші және үшінші желілер, сондай-ақ депо Астана аумағында бой көтереді. Ал төртінші желі елорда аумағы мен Қосшы қаласының әкімшілік шекарасында салынады.
Жаңа желілер екі көлдің және бір өзеннің су қорғау аймақтары арқылы өтеді.
Екінші желі – 9,13 шақырым
Екінші желінің ұзындығы 9,13 шақырымды құрайды. Мұнда бір-бірінен орта есеппен 1 шақырым қашықтықта орналасатын тоғыз станция салынады.
Желінің негізгі бөлігі екі-төрт тірекке орнатылатын эстакада түрінде салынады. Станциялардың кіреберістері мен шығаберістері жолдың ортасындағы арнайы залмен жалғанады.
- №201 станция (ауысып міну станциясы, сондай-ақ №301) Сығанақ көшесінің бойындағы эстакаданың ортасында орналасып, төрт қабатты көпір түрінде болады.
- №202, 203 және 204 станциялар Тұран даңғылы бағытында, солтүстіктен оңтүстікке қарай жолдың дәл үстіне салынады.
- №205 станция Сарыарқа даңғылының бойында, жолдың батыс жағында солтүстіктен оңтүстікке қарай орналасады.
- №206, 207, 208 және 209 станциялар Жеңіс даңғылы бағытында, солтүстіктен оңтүстікке қарай жолдың үстіне салынады.
Үшінші желі – 8,38 шақырым
Үшінші желінің ұзындығы 8,38 шақырым болады. Мұнда да бір-бірінен шамамен 1 шақырым қашықтықта орналасатын тоғыз станция қарастырылған.
- №301 станция Сығанақ көшесінің бойындағы эстакаданың ортасында орналасады.
- №302, 303 және 304 станциялар Сығанақ даңғылының бойында шығыстан батысқа қарай жолдың дәл үстіне салынады.
- №305, 306, 307, 308 және 309 станциялар Айтматов даңғылының бойында шығыстан батысқа қарай жолдың үстінде орналасады.
Депо да салынады
Депо құрамында негізгі ғимарат, жабдықтар қоймасы, қазандық, резервуарлар, гибридті қосалқы станция, негізгі және қосалқы бақылау-өткізу пункттері және автотұрақтар болады.
Сонымен қатар қызметкерлерге арналған жатақхана салу жоспарланған. Оның құрамында әкімшілік бөлмелер, санитарлық тораптар, мейрамхана, асхана, қойма және тұрғын бөлмелер болады.
Төртінші желі Астана мен Қосшыны байланыстырады
Астана мен Қосшыны байланыстыратын төртінші желінің ұзындығы 9 шақырым болады. Мұнда арақашықтығы шамамен 3 шақырым болатын үш станция салынады.
- №401 станция Қарқаралы тасжолының бойында, жолдың шығыс жағында солтүстіктен оңтүстікке қарай орналасады.
- №402 станция Қосшыдағы Республика көшесі мен Қарқаралы тасжолының қиылысынан оңтүстікке қарай салынады.
- №403 станция Қарқаралы тасжолының бойында, жолдың шығыс жағында солтүстіктен оңтүстікке қарай орналасады.
LRT қозғалысы қашан басталады?
Қосшы бағытына қарай LRT құрылысының екінші кезеңі 3 мамырда басталған.
CTS төрағасы бұған дейін қозғалысты келесі жылдың өзінде іске қосу мүмкін екенін айтқан. Алайда нақты мерзім әзірге белгісіз. Себебі жоба мерзімі қаржыландыру мәселесіне байланысты.