$ 453.93 € 508.72 ₽ 5.35
Жаңалықтар

Астанадағы атышулы «Qyran» тұрғын үйі кешенінің ісі бойынша төрт адам сотталды

Астанадағы «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезінде жасалған алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты. «International Invest Company IIC» ЖШС-нің төрт қызметкері кінәлі деп танылып, 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Пәтерлер нарық бағасынан арзан ұсынылған

Тергеу дерегінше, сотталғанbal сатып алушылармен заңды сатып алу-сату шарттарын жасасудың орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын құжаттарды рәсімдеген. Олардың арасында брондау шарттары, кепілақы туралы келісімдер және алдын ала шарттар болған. Мұндай құжаттар сатып алушыға жылжымайтын мүлікке меншік құқығын бермеген. Сату кеңсесінде азаматтарға тұрғын үй кешенінің макеттері, техникалық паспорттар, сенімхаттар және компанияның жылжымайтын мүлікке құқығы бар деген әсер қалдыратын анықтамалар көрсетілген.

Әлеуетті сатып алушыларға пәтерлер, коммерциялық үй-жайлар мен автотұрақ орындары нарықтағыдан төмен бағамен ұсынылған. Компания қызметкерлері мәміленің толықтай заңды екеніне сендірген.

Жәбірленушілер ақшаны қолма-қол берген немесе алаяқтық сызбаға қатысушылардың жеке шоттарына аударған. Алайда бұл төлемдер компанияның бухгалтерлік және банктік құжаттарында көрсетілмеген.

Компанияның өз қаражаты да жымқырылған

Тергеу барысында құрылыс салушы компанияның қаражатын иемденуге бағытталған екінші алаяқтық сызба да анықталды. Сотталғандар компания атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркеген. Бірақ сатудан түскен қаражат серіктестіктің кассасына түспеген.

Сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талап арызын қанағаттандырды. Сонымен қатар «International Invest Company» ЖШС-нің пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды. Жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Бұдан бөлек, тағы 73 нысан адал ниетті сатып алушыларға табысталды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Back to top button