Астанада құқықбұзушылық туралы хабарлағандарға 82,6 мың теңгеге дейін сыйақы төленуі мүмкін
Астана қаласының әкімдігі құқықбұзушылық туралы хабарлаған тұрғындарды ынталандыруды көздейтін қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатқа сәйкес, мұндай азаматтарға 82,6 мың теңгеге дейін ақшалай сыйақы берілуі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ӘКІМДІК МӘЛІМЕТІ
Қаулы жобасына сәйкес, сыйақы құқықбұзушылық фактісі расталғаннан кейін, сот немесе уәкілетті органның шешімі заңды күшіне енген соң және құқық бұзушы айыппұлды толық төлеген жағдайда ғана беріледі.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысқан азаматтар ақшалай сыйақымен қатар алғыс хат, грамоталар, оқуға жолдама және өзге де көтермелеу түрлеріне ие бола алады. Ал анонимді хабарламалар сыйақы төлеуге негіз болмайды.
Әкімдік мәліметінше, көтермелеу мәселесін аудан әкімдігі жанынан құрылатын арнайы комиссия қарайды. Комиссия мемлекеттік органдардың ұсынымдарын зерделеп, азаматтың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін ескере отырып, көтермелеудің түрі мен мөлшерін айқындайды.
Сыйақы қаражаты азаматтардың банк шоттарына немесе олардың өтініші бойынша көрсетілген қайырымдылық ұйымдарының есепшотына аударылады.
МӘН-ЖАЙЫ
Айта кетейік, биыл ақпанда Ішкі істер министрлігі азаматтарды құқық бұзушылықтың алдын алуға тарту қағидаларының жобасын қоғамдық талқылауға ұсынған болатын. Құжатта қоғамдық көмекшілердің қызмет тәртібі нақтыланған.
Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Сенат «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа заңды және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістерді мақұлдаған. Кейін Мемлекет басшысы аталған заңға және оған ілеспе заңнамалық түзетулерге қол қойған еді.