Жаңалықтар

Астанада қоғамдық орында жалаңаш жүрген ер адам 15 тәулікке қамалды

Астанада қоғамдық орында жалаңаш жүрген ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Tizgin.kz «Астана соттарына» сілтеме жасап.

Қоғамдық орында жалаңаш жүрген

Істі 17 қазанда Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Соттың мәліметінше, елорда тұрғыны бөгде адамдардың көзінше қоғамдық орында жалаңаш жүрген. Оның бұл әрекеті қоғамдық мораль нормалары мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, айналасындағыларға анық құрметсіздік көрсету деп бағаланған.

Сондай-ақ сот ер адамның әрекеті адам қадір-қасиетін қорлап, азаматтардың тыныштығын бұзғанын атап өтті.

Кінәсін мойындап, өкінген

Сотта ер адам кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірген. «Сот Қ.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады» делінген хабарламада.

Back to top button