Астанадағы жантүршігерлік өрттен аман қалған әйел есін жиды, бірақ жағдайы ауыр күйінде қалып отыр. Сол қайғылы оқиғада үш баласынан айырылған әйел жетінші тәулік бойы жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл жөнінде КТК телеарнасы ақпарат таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Жағдайының ауырлығы күйік ауруымен, тыныс алу жолдарының зақымдануымен, улануымен байланысты. Қазір науқас есін жиған, берілген пәрмендерге жауап береді. Барлық қажетті дәрі-дәрмек қолдауы көрсетіліп жатыр. Өкпені жасанды желдету аппараты арқылы тыныс алады. Жүрек жұмысы мен артериялық қысым тұрақты”, – дейді травмотолог дәрігер Марат Сабиров.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға өткен демалыс күндері болған. Елорданың тұрғын үй кешендерінің біріндегі 15-қабатта орналасқан пәтерде өрт шыққан. Өрт сөндірушілер оқиға орнына дереу жеткенімен, тек әйелді ғана аман алып қалды. Оның 2 мен 13 жас аралығындағы үш баласы қаза тапты.
Зардап шеккен әйел елордалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оның психологиялық жағдайы туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ.