БілімЖаңалықтар

Астанада және Алматыда жаратылыстану бағытындағы балалар музейлері ашылады

Кітап оқу мәдениетін насихаттауға айрықша назар аударған жөн. Балалардың ғылымға қызығушылығын оятпасақ, адам әлеуетін нығайту мүмкін емес. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Биыл тиісті Жарлыққа қол қойдым. Үкімет осы жұмысқа қоғам белсенділерін, шығармашылық пен ғылыми қауымдастық өкілдерін, журналистер мен кәсіпкерлерді көптеп тартқаны жөн. Бұл істе оқушыларға арналған ғылыми музейлер мен зерттеу орталықтары маңызды рөл атқаратынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Дәл осындай алаңдар оқушыларға білімін іс жүзінде қолданып көруге, тәжірибе жүргізуге, ғалымдардың еңбегімен танысуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Осы орайда Астанада, Алматыда және бірқатар облыс орталығында балаларға арналған Жаратылыстану музейін ашу орынды деп санаймын», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, екі жыл ішінде Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында Президенттік кітапханалар өз жұмысын бастайды.

«Мұндай кітапханаларды Шымкентте және басқа да облыс орталықтарында салу жоспарда бар. Демеушілер аталған бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін. Конституциямызда көрсетілгендей, Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан білім беру мекемелерін көбірек салуға, білім беру жүйесін дамытуға және жетілдіруге ден қояйық», – дейді ол.

Back to top button