$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
Жаңалықтар

Астанада бір жылда 306 рет жол ережесін бұзған жүргізуші қамалып тынды

Астанада жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзған 25 жастағы жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол биылдың өзінде 306 рет құқық бұзушылық жасаған, деп хабарлайды Tizgin.kz елорда прокуратурасына сілтеме жасап.

Жылдамдықты 169 рет асырған

Прокуратура жүргізген мониторинг барысында Hyundai Palisade автокөлігінің жүргізушісі анықталған. Ол бір жылға жетпейтін уақыт ішінде жол қозғалысы ережесінің талаптарын 306 рет елемеген.

Тіркелген құқық бұзушылықтардың 169-ы белгіленген жылдамдықты асыруға қатысты. Тағы 134 жағдайда жүргізуші қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүрген.

Биыл 3 мамырда бейнебақылау камералары оның Ұлы Дала даңғылымен сағатына 137 шақырым жылдамдықпен қозғалғанын тіркеген.

Сот 10 тәулікке қамауға алды

Сот құқық бұзушылықтардың жүйелі сипаты мен қоғамға төндірген қаупін ескеріп, жүргізушінің әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалады. Нәтижесінде оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Прокуратураның мәліметінше, жол ережесін өрескел әрі тұрақты түрде бұзатын жүргізушілерді жауапқа тарту полициямен бірлескен жұмыс аясында сот арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Елорда прокуратурасы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жол қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Back to top button