ЖаңалықтарОқиға

Астанада автобус пойызбен соқтығысып қалды

Оқиғадан кейін автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Астанада автобус теміржол өткелінде локомотивпен, одан кейін жеңіл автокөлікке соқтығысып қалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан видео тарады. Әлеуметтік желі қолданушыларының жазуынша, апат Лесозавод ауданында, «Вагонозавод» аялдамасы маңында болған.

Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 20 маусымда тіркелген.

«Ивеко» маркалы маршруттық автобус Тайбұрыл көшесіндегі теміржол өткелі арқылы өту кезінде жүріп келе жатқан локомотивке жол бермеген. Соққыдан кейін автобус инерциямен «Хюндай» автокөлігімен соқтығысқан, – деп хабарлады полиция.

Автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол тексеруден кейін амбулаторлық емге жіберілген.

Алдын ала деректерге сәйкес, 2026 жылдың алғашқы үш айында Астанада 502 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 616 адам жарақат алған, 5 адам қаза тапқан.

Back to top button