Астанада ақылы автотұрақтар әкімдік меншігіне өтті: жүргізушілер үшін не өзгереді
Астанада ақылы автотұрақ орындарын мыңнан астамға көбейту жоспарланып отыр
Астанада ақылы автотұрақтар ресми түрде әкімдік меншігіне өтті. Енді олардан түсетін барлық кіріс жергілікті бюджетке бағытталады. Әзірге жүргізушілер үшін төлем тәртібі мен тариф өзгерген жоқ: бір сағаттың құны – 100 теңге болып қала береді, деп хабарлайды Tizgin.kz «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.
Автотұрақ орындары көбейеді
Телеарнаның мәліметінше, автотұрақтардың мемлекет меншігіне өтуі әзірге жүргізушілердің күнделікті дағдысына әсер етпеген. Көлікті тұраққа қою және ақысын төлеу тәртібі бұрынғыдай қалған. Негізгі өзгеріс – жиналған қаражаттың енді жергілікті бюджетке түсуі.
Әкімдік өз кезегінде тұрақ орындарын көбейтуді жоспарлап отыр. Астана қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы директорының орынбасары Руслан Абдуалиевтің айтуынша, елордада 10 мыңнан астам көлікке арналған 530-дан аса тұрақ аймағы жұмыс істейді. Қазір тұрақ орындарының санын тағы мыңнан астамға арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұған қаланың кейбір көшелерінде сұраныстың өсуі себеп болған.
Сондай-ақ барлық тұрақ орнын жаңарту жоспарланған. Телеарна хабарлауынша, көлікті белгіленген сызықтарға көлденең қоюға тыйым салынбақ.
Жаңа қосымша іске қосылды, төлем тәсілдері сақталды
Жүргізушілерге арналған жаңа қосымша тұрақтың нөмірін және картадағы орнын көрсетеді. Ал бұрыннан қолданылып жүрген төлем тәсілдері мен ақпараттық тақталардағы QR-кодтар сақталған. Өзгеріске қатысты қала тұрғындарының пікірі әртүрлі. Бірі тұрақ ақының бюджетке түсуін қолдаса, енді бірі автотұрақтардың ақылы болуына қарсы.
Ал «Астананың тұрақ кеңістігі» ұйымының осы жылдар ішінде қанша табыс тапқанын әкімдік әзірге жарияламаған. Мұны қайта ұйымдастыру жұмыстарының жалғасып жатқанымен түсіндірген. Осылайша, тұрақтарды басқару жүйесі мемлекетке өткенімен, жүргізушілер үшін негізгі талап өзгерген жоқ: автотұрақ бұрынғыдай ақылы.