Бір күлімдеп, бір жылады – LRT-дан қалаға тамсана қараған қария жұртты сүйсінтті (ВИДЕО)
Желі қолданушысы LRT-ға отырғанын және қарсы алдында отырған қария қалаға қарап тамсанып, көзіне жас алғанын жазды.
Threads әлеуметтік желісінде Дария есімді қолданушы LRT-да қалаға тамсана қарап отырған қарияның видеосын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Мен де бүгін LRT-ға бардым. Адам аз болды. Қарсы алдымда сондай сүйкімді ата отырды. Мен бүкіл жол бойы қалаға емес, атаға қарап отырдым. Ол қаланың әрбір көрікті жерінде күлімдеп, таң қалып қарап отырды. Тіпті арасында көзіне жас та алды (рұқсатсыз түсіріп алғаным үшін кешірім сұраймын)», – деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.
Аталған видеоға қатысты оқырмандар әртүрлі пікір білдірді.
«Бұл кісілер небір аумалы-төкпелі дәуірдің куәгерлері ғой. Осы эмоциялары қазақ елінің бұл күнге жетуіне берген бағасы деп қабылдауға болатын шығар. Біз, жастар ғой, дамыған елдермен салыстырып, көп нәрсеге көңіліміз толмайтын. Бұлардың көргенін көрсек, мүмкін басқаша бағалайтын болармыз. Еліміз дами берсін🇰», – деп жазды Нұрлыбек Рахман.
Оқырмандар бұл ата тарихи оқиғаға куә болып отыратын күнге жеткеніне қуанып отырған болуы мүмкін екендігін жазды.
«Әрдайым осындай аталар мен апаларға қарап, ойланамын: олар бұл дүниеде көп нәрсе көрмегендей. Қиын заманда өмір сүріп, балаларын өсірді, кейін немерелерін тәрбиеледі. Қазір әр баласының өз үйі, өз отбасы, өз уайымы бар. Өздеріне тек мерекелерде ғана, мүмкіндік болса, барып тұрады. Сонда өмір қандай қысқа екен деп ойлаймын… Бәлкім, олар кейде: «Жастық шақ тағы бір мүмкіндік берсе, мүмкін біз өмірімізді сәл басқаша сүрер ме едік» деп ойлайтын шығар. Ол кезде саяхаттауға да, өзің туралы армандауға да мұрша болмады ғой», – деп жазды Іңкәр Зарлыхан.