$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
TOP-2Спорт

Астана жүзуден әйгілі спорт жұлдыздарын жинады: елордада Әлем кубогінің финалдық кезеңі өтіп жатыр

Астанада жүзуден World Aquatics 2026 Әлем кубогінің финалдық кезеңі өтіп жатыр. Қазақстан алғаш рет қабылдап отырған халықаралық додаға 39 елден 300-ден астам спортшы келген. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен әлемдік рекорд иелері бар. Шетелдік жүзушілер жарыспен қатар елорданың сәулеті мен спортшыларға жасалған жағдайдан алған әсерлерін де бөлісіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әлемдік жүзу үздіктерінің Астанадағы басқосуы

Елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылған жарыс 15-17 қазан аралығында өтеді. Астанадағы дода – Баку, Ташкент және Қазақстан астанасын қамтитын Silk Road халықаралық сериясының шешуші кезеңі. Турнир World Aquatics ұйымының ресми жарыстар күнтізбесіне енгізілген. Жарыстың ашылу салтанатына World Aquatics халықаралық федерациясының президенті Хусейн Әл-Мусаллам, Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, отандық спорт саласының өкілдері мен су спортының мамандары қатысты.

Әлемдік жүзудің үздіктері жиналған дода қазақстандық спортшылар үшін де маңызды. Өз елінде өтетін халықаралық жарыс оларға тәжірибелі қарсыластармен күш сынасып, дайындығын бағалауға мүмкіндік береді.

Турнир бағдарламасына еркін стиль, брасс, баттерфляй және шалқалай жүзуден 50, 100 және 200 метрлік қашықтықтар енгізілген. Бұдан бөлек, спортшылар 100 және 200 метрге кешенді жүзуде, сондай-ақ эстафеталық сайыстарда өзара мықтыны анықтайды.

Мырзабосынов: «Әлем кубогін өткізу – отандық спортты дамыту жолындағы маңызды қадам»

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ербол Мырзабосынов мұндай деңгейдегі халықаралық жарыстың Қазақстанда алғаш рет өткізілуін ел спорты үшін маңызды тарихи оқиға деп бағалады.

Министр турнирдің маңызын спорттық бәсекемен ғана шектемей, оның жас буынды жүзуге баулуға және халықаралық байланысты нығайтуға ықпалын атап өтті.

«Әлем кубогін өткізу – отандық спортты дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл жарыс спортшыларымызға әлемнің үздіктерімен бәсекеге түсіп, құнды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Турнир жас спортшыларға тың серпін беріп, мыңдаған баланы жүзу спортымен айналысуға ынталандырады деп сенемін. Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы халықтар мен мәдениеттерді байланыстырған. Бүгінде сол тарихи жол бізді спорт, достық және адал бәсеке арқылы қайта тоғыстырып отыр», – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Шетелдік спортшыларды елорданың несі қызықтырды

Әлем кубогіне келген шетелдік жүзушілер Астанадан алған әсерлерін де бөлісіп жатыр. Олардың пікірлерінде елорданың ерекше сәулеті, зәулім ғимараттары, көшелерінің тазалығы мен тұрғындардың қонақжайлылығы аталады. Спортшылар жарыстың ұйымдастырылуына да оң баға берген. Атап айтқанда, қарсы алу, қатысушыларға жасалған жағдай және сайыстардың өту барысы көңілдерінен шыққан.

Халықаралық жарыстарға қатысып, түрлі қалаларды көріп жүрген спортшылар үшін Астана осылайша жаңа қырынан ашылды. Олар елордаға спорттық нәтиже үшін келгенімен, сапардан алған әсері бассейндегі бәсекемен шектелмейді.

Бұл пікірлер халықаралық доданың қабылдаушы қала үшін де маңызы бар екенін көрсетеді. Астанадағы Әлем кубогі жүзудің үздіктерін бір алаңға жинаумен қатар, шетелдік қатысушыларға Қазақстанды жақынырақ танып-білуге мүмкіндік беріп отыр.

Back to top button