Астана аспанында жойғыш ұшақтар: тұрғындарға ескерту жасалды

Астанада 28 мамыр күні Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің іс-шаралар жоспарына сәйкес қала үстінен жойғыш ұшақтардың көрсетілімдік ұшуы өтеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Осы шараға дайындық аясында 24 мамырдан бастап елорда әуе кеңістігінде әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары басталады», – деп жазылған Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, жойғыш ұшақтардың ұшуы мен оқу-жаттығу шаралары қауіпсіз биіктікте өтеді және қаланың қалыпты тыныс-тіршілігіне әсер етпейді.
Тұрғындар мен қала қонақтарынан жаттығулар мен көрсетілімдік ұшулар кезінде шу деңгейінің уақытша артуына түсіністікпен қарау сұралды.
Сондай-ақ, ведомство барлық ұшулардың қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес ұйымдастырылатынын және халыққа ешқандай қауіп төндірмейтінін атап өтті. Ал түрлі-түсті түтіндерді қолдану тек көрсетілімдік мақсатта жүргізіледі және қоршаған ортаға зиян келтірмейді.