Ашаршылықты жоққа шығарған Верхотуровтың сөзінде қылмыстық құрам бар – Сәтпаев
Белгілі саясаттанушы, сарапшы Досым Сәтпаев ресейлік тарихшы Дмитрий Верхотуровтың “Қазақ тарихында Ашаршылық болмаған” деген насихатын Қазақстанға қарсы жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп бағалады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
РЕСЕЙЛІК ТАРИХШЫ НЕ ДЕДІ
Ресейлік саясаттанушы әрі тарихшы Дмитрий Верхотуров таяуда қазақ тарихындағы Ашаршылық тақырыбына байланысты Қазақстанға қоқан-лоқы сипатында мәлімдемелер жасаған.
«Ашаршылық жайлы мәселелер Қазақстанға жай қауіп емес, оларға мемлекеттілік тұрғысынан қауіпті. Украинаның басынан не өтіп жатқанын көріп отырсыздар, Қазақстанға не болмақ? (…) Олар Украинадағы майданшылар жүргізген саясатты қайталауы мүмкін, бірақ бұл қарулы қақтығысқа апарып соғады. Қазақстан, біріншіден, дайын емес, екіншіден, Ресейге қарсы тұру үшін тым әлсіз әрі шағын мемлекет», – дейді Верхотуров желіде белсенді таралып жатқан сұхбаттарының бірінде.
Оның айтуынша, «осындай жағдайда қазақтарға әрдайым ескеруі тиіс тағы бір жайт бар».
«Біз үшін украиндар – өте жақын туыс халық, іс жүзінде өз адамдарымыз. Соған қарамастан, иә, олар бізді сондай жағдайға жеткізді, біз оларды ұра бастадық. Ал қазақтар орыстар үшін толықтай өз адамы емес. Иә, олармен достасуға болады, тағысын тағы, бірақ бәрібір олар сәл алыстау адамдар. Сондықтан, қалай десек те, оларды ұруға құлшыныс көбірек болады әрі бәлкім, украиндарға қарағанда да қаталырақ болуы мүмкін», – деді Верхотуров.
Верхотуров «Болмаған қазақ геноциді» атты кітаптың авторы.
СӘТПАЕВТАН ЖАУАП
Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев ресейлік тарихшының сөзін Қазақстанға қарсы кезекті ақпараттық шабуыл деп атады. Оның айтуынша, 1948 жылғы Геноцид қылмысының алдын алу және оны жазалау туралы Конвенцияда геноцид тек адамдардың қырылуы ғана емес, сонымен қатар «адамдар тобының тіршілік етуінің негізгі көзі саналатын қызметпен айналысуына тыйым салу арқылы немесе өзге де жағдайлар арқылы олардың қаза табуын әдейі жеткізетін шараларды жүргізу» деп көрсетілген.
“Дәл осы ұжымдастыру саясаты, көшпелі мал шаруашылығын күштеп колхоздарға көшіру, астық тапсыру талаптары мен малын тартып алу – бәрі қосылып, далада алапат ашаршылықтың туындауына апарып соқты. Себебі қазақтар өз тіршілігінің негізгі көзі болған қызметпен айналысу мүмкіндігінен айырылды. Алайда насихатшылар үшін бұл маңызды емес. Оларға бастысы тапсырысты орындау керек”, – дейді ол.
Сарапшы бұл жолы Дмитрий Верхотуров шын мәніндегі болмысын ашып көрсетті деп санайды. Геноцидті жоққа шығара отырып, ол өз уәждерінің әлсіздігін өзі әшкерелегенін, өйткені іс жүзінде болашақтағы геноцидті насихаттауға дейін барғанын жеткізді.
“Жақында берген сұхбатында ол Қазақстанды Украинадағыдай қарулы қақтығыспен қорқытып қана қоймай, жаңа геноцид туралы да сөз қозғады. Оның арандату сипатындағы мәлімдемелерінде: «туыс халық» саналған украиндарды да аямаса, онда оның көзқарасы бойынша Ресей үшін «екінші сорт», «алыстағы адамдар» саналатын қазақтарға не болмақ деген мазмұнда сөздер айтылған. Тіпті «оларды украиндарға қарағанда көбірек ықыласпен әрі қаталдау ұрамыз» дегенге дейін барған. Бір сөзбен айтқанда, қылмыстық құрамның толық жиынтығы байқалады: соғысқа шақыру, геноцидке үнддеу, адамдарды сорттар мен түрлерге бөлу, шовинизм мен ксенофобия бәрі бар”, – дейді ол.
Досым Сәтпаев бұл арандатушы сұхбаттың Украинадағы соғыстың төрт жылдығы қарсаңында жариялануы да символикалық сипатқа ие деп атап өтті.
“Мұндай ақпараттық лас шабуылдар тағы да агрессор кім, ал құрбан кім екенін айқын көрсетеді. Кім империялық өшпенділік пен зұлымдықты тарататынын, ал кім өз тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға тырысатынын аңғартады. Сондай-ақ бұл өзгелерге де сабақ: алдымен сіздің тарихыңызды жоққа шығарып, қайта жазуға кірісетіндерге әрдайым қауіп ретінде қарау керек. Өйткені келесі қадамда олар күш қолданып, сіздің болашағыңызды тартып алуға ұмтылуы мүмкін”, – дейді Досым Сәтпаев.