Арман Шораевты полиция іздеп жүргені рас па
Желіде полиция белгілі қоғам белсендісі Арман Шораевты іздегені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әлеуметтік желілерде Көкшетау қалалық полициясының кезекші бөлімінен түсірілген бейне тарады. Ондағы ақпараттық тақтада Арман Шораевты іздестіру туралы хабарлама ілінгені байқалады. Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қоғам белсендісінің үстінен арыз 24 мамыр күні түскен. Осыған байланысты полиция қызметкерлеріне оны жеткізу жөнінде бағдар берілген.
Алайда сол күні Арман Шораевтың өзі полиция басқармасына келген.
«Сол күні азамат өз еркімен полиция басқармасына келді. Оның қатысуымен қажетті процессуалдық әрекеттер мен тексеру шаралары жүргізілді», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осыдан кейін іздестіру туралы хабарлама алынып тасталған, алайда полиция тексеру нәтижелері туралы ақпарат берген жоқ.
Tizgin.kz тілшісі Арман Шораевқа хабарласып, мән-жайды сұрады. Ол «Бәрі фейк» деп қана жауап берді.