Әр қалада қанша депутат болуы керек: ОСК жаңа тәртіп бекітті
Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мәслихаттардағы депутаттар санын айқындау тәртібін жаңартты. Жаңа құжатқа сәйкес, өкілді органдардағы мандат саны елдімекендер мен өңірлердегі халық санына қарай белгіленеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қалаларда қанша депутат болады
ОСК қаулысына сәйкес, бірқатар қала мәслихаттарындағы депутаттар саны төмендегідей белгіленген:
- Ақтөбе – 30 депутат;
- Тараз – 28 депутат;
- Семей – 22 депутат;
- Алатау – 11 депутат.
Айта кетейік, Алатау қаласы бұл тізімге алғаш рет енгізіліп отыр.
Депутаттар саны қалай есептеледі
Жаңа тәртіпке сәйкес, халқының саны 50 мың адамға дейінгі қалалық мәслихаттарда 11 депутат болады. Тұрғындар саны әр 25 мың адамға артқан сайын депутаттық мандат саны көбейеді.
Облыстық мәслихаттарда халық саны 300 мың адамға дейін болса, депутаттар саны 26 болып белгіленген.
Ал Астана мен республикалық маңызы бар қалаларда халық саны 1,1 миллионға дейін жетсе, мәслихат құрамында 30 депутат болады. Тұрғындар саны әр 200 мың адамға артқан сайын депутаттық орын саны тағы екіге көбейеді.
Аудандардағы жағдай
ОСК бірқатар аудандық мәслихаттағы депутаттар санын да қайта қараған.
- Соған сәйкес, Алматы облысының Қарасай, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында депутаттар саны 25-тен болады.
- Жамбыл облысының Жамбыл ауданында 13 депутаттық орын, ал Абай облысына қарасты Үржар ауданында 11 орын белгіленген.
- Шығыс Қазақстан облысының Қүршім, Катонқарағай, Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарында, сондай-ақ Абай облысының Мақаншы және Жаңасемей аудандарында 10 депутаттан болады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, халқының саны 15 мың адамға жетпейтін аудандарда мәслихат депутаттарының базалық саны 10 болып белгіленген. Тұрғындар саны әр қосымша 15 мың адамға артқан сайын депутаттық орын саны біреуге көбейеді.
Жаңа тәртіп қашан күшіне енеді
Депутаттар санын анықтау кезінде ОСК сайлау тағайындалған күннен кешіктірілмей жарияланған халық саны туралы ресми статистикалық деректерді басшылыққа алады.
Дегенмен бұл есептеу тәртібі әкімшілік-аумақтық бірліктерді қайта ұйымдастыру жағдайларына, оның ішінде оларды біріктіруге, бөлуге немесе қайта құруға қолданылмайды.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.