ЖаңалықтарОқиға

Ақтөбеде қоқыс жанынан табылған сәби патронаттық отбасына берілді

Нәрестені отбасына бермес бұрын оған бір айға жуық уақыт «Үміт» балалар үйінде күтім жасалған.

Дәрігерлер ауруханада жатқан кезінде сәбиге Батыр есімін берген. Қазір ол патронаттық отбасының тәрбиесіне берілді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы diapazon.kz-ға сілтеме жасап.

Нәрестені отбасына бермес бұрын оған бір айға жуық уақыт «Үміт» балалар үйінде күтім жасалған. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, сәбиге ауруханада жатқан кезде есімі мен тегі қойылған.

«Баланың дені сау, сабырлы, тәбеті жақсы. Естелік ретінде суретке түсіп, жылы лебізбен шығарып салдық. Батыр «Үміттегі» ең кішкентай балалардың бірі болды. Ол келген күндері бізге облыстық перинаталдық орталықтан тағы бір жаңа туған сәби жеткізілген еді. Өткен аптада ол да отбасына берілді», – деді «Үміт» балалар үйінің бас дәрігері Серік Айтукин.

Дәрігерлердің айтуынша, «Үмітке» ауыстырылғанға дейін үш апта ішінде нәресте 550 грамм салмақ қосқан. Ал ауруханаға түскен кездегі салмағы небәрі 2990 грамм болған.

«Бұл баланың аман қалуы үлкен сәттілік. Пакетке балалардың көзі түскенінің арқасында сәби құтқарылды. Жаңа туған нәресте оттегісіз ұзақ уақыт жата алмас еді. Бізге оны полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен жедел жәрдем жеткізді. Баланың денесі қатты тоңып қалғандықтан, бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, кейін жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды. Көптеген адам хабарласып, оны асырап алуға бола ма деп сұрады. Қазір оның отбасына берілгеніне қуаныштымыз», – деді қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Наталья Головырина.

Еске салсақ, 2026 жылдың 23 мамырында Ақтөбе қаласында кәмелетке толмаған қыз көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы қоқыс жәшігінің маңынан пакетке салынған жаңа туған нәрестені тауып алған. Ол бұл туралы ата-анасына айтып, олар полиция мен жедел жәрдем қызметін шақырған.

Кейін сәби жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер оның денесі қатты тоңып қалғанын хабарлаған.

Осы факті бойынша өңірлік полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 119-бабы («Қауіпті жағдайда қалдыру») бойынша қылмыстық іс қозғады. Баланың анасы әлі күнге дейін табылған жоқ.

Back to top button