Жаңалықтар

Ақтауда тісін емдеткен 9 жастағы бала жақ сүйегінің бір бөлігінен айырылды: іс қозғалды

Ақтауда 9 жастағы баланың ата-анасы стоматологиялық емнен кейін ұлының жақ сүйегінің бір бөлігінен айырылғанын мәлімдеген соң қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Astanatv.kz сайтына сілтеме жасап.

Тіс емдетуге барған

Ақтаудағы облыстық стоматологиялық орталықта ем қабылдаған 9 жастағы бала төменгі жақ сүйегінің бір бөлігінен айырылды. Баланың анасының айтуынша, ұлын екі дәрігер емдегенімен, олардың ешқайсысы рентгенге жібермеген. Кейін тәуелсіз медициналық сараптама емдеу барысында қателіктер жіберілгенін анықтап, полиция қылмыстық іс қозғады.

Ақмарал Қалжанова биыл ақпан айында егіз ұлдарын Маңғыстау облыстық стоматологиялық орталығына алып келген. Егіздердің бірінің тісі еш қиындықсыз жұлынса, екіншісі – Нұрадилге тіс жегісі (кариес) диагнозы қойылып, екі аптадан кейін қайта қаралуға жіберілген. Кейін емдеуді басқа дәрігер жалғастырған.

Анасының сөзінше, әр қабылдаудан кейін баланың жағдайы нашарлай берген: дене қызуы көтеріліп, қызыл иегі қабынып, іріңдей бастаған. Алайда ата-анасының шағымына қарамастан, қосымша тексеру жүргізілмеген. Отбасы кейін жеке клиникаға жүгінгенде, дәрігерлер аурудың асқынып кеткенін айтқан. Алғашында тіпті онкологиялық ауруға күдік те туған. Осыдан кейін бала шұғыл түрде Астанаға жеткізіліп, оған алғашқы операция жасалған.

Сонымен қатар, анасының айтуынша, алғашқы қабылдауға қатысты емдеу тарихы жоғалып кеткен. Ол қағаз медициналық картадан да, электрондық базадан да табылмаған.

Рентген міндетті болған

Жәбірленушінің анасы Ақмарал Қалжанованың айтуынша, алғашқы операциядан кейін ол e-Otinish платформасы арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне стоматологиялық клиника мен дәрігерлердің үстінен шағым түсірген. Алайда жауап ретінде дәрігерлерге тек қатаң сөгіс жарияланғаны хабарланған.

Кейін оның өтінішімен тәуелсіз медициналық сараптама жүргізіліп, қорытындыда Нұрадилдің анасының шағымы толық негізді деп танылған. Сарапшылар емдеу қате диагноз қоюдан басталған деген қорытындыға келген. Мамандардың қорытындысына сәйкес, дәрігерлер жіберген негізгі қателік – рентгенологиялық зерттеудің жүргізілмеуі. Белгілі болғандай, балаға ем басталар алдында да, емдеу аяқталғаннан кейін де тістің рентген суреті түсірілмеген. Бұл жайтты облыстық стоматологиялық орталықтың басшылығы да мойындады.

Орталық директоры Ғалымжан Қоянбайұлының айтуынша, дәрігерлер жағдайды ушықтырып алған және міндетті түрде рентген түсіруі керек болған. Оның сөзінше, егер рентген жасалғанда, ауру үдерісі бұған дейін басталғаны анық көрінер еді.

Сондай-ақ директор екі дәрігердің де жас маман екенін, жоғары оқу орнын және резидентураны толық тәмамдап, диплом алғанын айтты. Оның айтуынша, екеуіне де бірден қатаң сөгіс берілген. Ал дәрігерлердің бірі жүкті болғандықтан, заң бойынша оны жұмыстан шығаруға мүмкіндік жоқ.

Қылмыстық іс қозғалды

Директордың мәліметінше, екі стоматолог та орталыққа өткен жылдың тамыз және қазан айларында жұмысқа орналасқан. Баланың анасы ұлының емі ұзаққа созылатынын айтып, дәрігерлердің салғырттығы салдарынан баласының балалық шағы қиылғанын жеткізді. Оның сөзінше, дәрігерлер тек тәртіптік емес, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы тиіс, өйткені мұндай жағдай басқа балалардың да басына түсуі мүмкін. Осы арада Маңғыстау облысының полициясы медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабының 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Алдағы тамыз айында Нұрадилге үшінші операция жасалмақ. Бұдан кейін оған төменгі жақ сүйегін қайта қалпына келтіру, жоғалған сүйек тінін қалпына келтіру және кейінірек, жасы ұлғайған кезде ғана жасалуы мүмкін имплантация қажет болады.

Қазір отбасы екі айдан астам уақыттан бері Астанада дәрігерлердің бақылауында жүр. Осы уақытқа дейін емге шамамен 3 миллион теңге жұмсалған.

Баланың анасының айтуынша, кейінірек екінші стоматолог кешірім сұрап, рентгенге жолдауды қажет деп санамағанын мойындаған.

Back to top button