Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Түркістан: Өскеменнен бірнеше әуе рейстері ашылады
Тиісті өтінімдер Көлік министрлігіне жолданған.

Шығыс Қазақстан облысында Өскеменнен Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Түркістан қалаларына субсидияланатын әуе рейстерін іске қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірдегі авиация саласының дамуы туралы баяндады.
ШҚО әкімінің баспсөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы авиациялық инфрақұрылымды дамыту Шығыс Қазақстанның көлік қолжетімділігін арттыруда, сондай-ақ облыстың туристік әлеуетін ашуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Шығыс Қазақстанда Өскеменнен Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Түркістан қалаларына субсидияланатын әуе рейстерін іске қосуға қызығушылық бар. Тиісті өтінімдер Көлік министрлігіне жолданған. Барлық жобалар іске асқан жағдайда, өңірдегі жолаушылар ағынын жылына 700 мыңнан 800 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік туады және ішкі әрі кірме туризмнің дамуына қосымша серпін береді», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында Зайсан және Катонқарағай аудандарында әуежай құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда Зайсандағы әуежайдың дайындығы 76%-ды құрайды. Мұнда ұшу-қону жолағы, перрон және рулеж жолы толық аяқталған. Катонқарағай ауданында құрылыс жұмыстары 55%-ға орындалған, инфрақұрылым мен әуежай нысандарын салу жалғасуда.
Зайсан әуежайындағы жұмыстарды осы жылдың жазында, ал Катонқарағайдағы әуежайды күздің басында аяқтау жоспарланып отыр. Нысандарды толық пайдалануға беру және қажетті сертификаттаудан өткізу жыл соңына дейін күтіледі. Әр әуежайда 57 тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылыс кезеңінде 320 маусымдық маман жұмыспен қамтылған. Жаңа әуежайларды пайдаланушы ұйым ретінде «Өскемен әуежайы» АҚ белгіленген.