“Ақшаны мемлекетке төлейді”: Динара Сәтжан емшіден соң тағы біреумен соттасып жатыр
Журналист әрі кәсіпкер Динара Сәтжан емші Бағдагүл Баянды сотта жеңгеннен кейін “қорлау” бабы бойынша тағы бір кісімен соттасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Динара Сәтжан не дейді
“Сізге әлеуметтік желіде жала жапты ма, үндемеңіз, ұрсыспаңыз, жауап жазып, дауласып, уақыт кетірмеңіз!
заңға сүйеніңіз! Бірнеше ай бұрын Бағдагүл Баянға, маған және бірқатар танымал адамдарға қатысты былапыт сөз айтып, ауыр айыптар таққан болатын. Дауласпадық, әлеуметтік желіде оны желіктіріп кері реакция жасамадық, біз тек сотқа бердік! Кеше Баян екеуіміз сотта жеңіске жеттік. Сот оған 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл қаржыны ол бізге емес, мемлекетке төлейді”, – дейді Динара Сәтжан.
Ол келесі жолы тағы да осындай әрекеттерін қайталаса, оны әкімшілік қамауға алу жазасы да тағайындалуы мүмкін екенін еске салды. Адам басқа біреудің абыройына нұқсан келтіретін сөз айтқанда, әр сөзі үшін жауап беретінін ұмытпауы керектігін атап өтті.
“Ертең менде тағы бір сот отырысы бар. Бұл жолы қорлау фактісі бойынша. Сөз бостандығы – аузыңа келгенді айту емес! Сөз бостандығы – өз сөзіңе жауапкершілік ала білу. Осы істі жүргізген адвокатым @rena_kerimova-ға кәсібилігі, сабырлығы үшін алғыс айтамын. Ақтөбедегі судьяға да ерекше алғысымды білдіремін. @rena_kerimova-ның айтуынша, кеше сот процесі өте кәсіби деңгейде, нақты әрі жүйелі түрде өткен. Қазақта бір сөз бар, өз үйім деме, үй артында кісі бар деген”, – дейді ол.
Іс не үшін қозғалды
Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова ақтөбелік “TikTok-емшіні” тексеруді талап еткені хабарланған еді. Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде сынықшы әрі емші ретінде танылған. Алайда кейінгі уақытта оның тікелей эфирдегі мәлімдемелері көпшілік арасында дау тудырып жүр. Соңғы дауға тележүргізуші Динара Сәтжанға қатысты айтқан сөздері себеп болды.
Осыдан кейін Динара Сәтжан емшінің қызметі мен табысына қатысты бірқатар сұрақ көтерген. Ол “ақылы бата” үшін түскен қаржы қайда аударылатынын, емшінің салық төлейтін-төлемейтінін, адам емдеуге лицензиясы бар-жоғын анықтауды сұраған.