Әлемдегі ең ірі мұнай-газ компанияларының бірі – Shell Қазақстандағы жұмысын жалғастырады әрі инвестицияларын тоқтатпайды. Ақордада энергетика министрі Ерлан Аккенженов журналистерге осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі Shell компаниясының бас атқарушы директоры Ваэль Саванға сілтеме жасап, компания мемлекет тарапынан қойылған сот талаптары реттелгенге дейін Қазақстандағы инвестицияларын уақытша тоқтататынын хабарлаған болатын.
«Біз Shell компаниясына осыдан кейін сауал жолдадық. Өткен аптада Shell өкілі Сьюзен Куган маған келіп, сіздердің әріптестеріңіз – бұқаралық ақпарат құралдары Shell басшысының сөзін қате түсіндіргенін айтты. Шын мәнінде, бәрі басқаша. Shell Қазақстанда әрі қарай дамығысы келеді. Бұған дәлел ретінде олар қазір газ өндіру үшін қарастырып жатқан кен орындарының бірін айтуға болады. Олар Қазақстанға инвестиция салуды жалғастырады», – деді министр журналистерге.
Қаңтар айында Shell және оның серіктестері (Eni, Chevron, «Лукойл») Қарашығанақ жобасы бойынша шығындарды шегеру мәселесіне қатысты сот дауын жеңіліспен аяқтағаны белгілі болды. Қазақстан пайдасына төленуі мүмкін сома 2-4 млрд АҚШ долларын құрауы ықтимал. Консорциум бұл шешімге әлі де шағымдану құқығына ие. Бұған дейін инвесторлар дауды реттеу мақсатында республика ішкі қажеттіліктеріне арналған газ өңдеу зауытын салуды ұсынған еді.
Ал Қашаған жобасы бойынша нормадан тыс күкірт сақтау және шығындардың негізділігіне қатысты экологиялық заңбұзушылықтар жөнінде тергеу жүргізіліп жатыр. Осы жоба бойынша республика тарапынан қойылған талаптардың жалпы сомасы 13,5 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр.