АҚШ түрмесінде жатқан Венесуэла экс-президенті Мадуроның фотосы жарияланды

Венесуэла лидері Николас Мадуро АҚШ-тағы түрмеден немерелері мен жақындарына фотосын жолдап, әлеуметтік желі арқылы үндеу жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жарияланған жазбада Мадуро отбасы мен өзін қолдайтын адамдарға алғыс айтып, қамауда отырғанына қарамастан рухы түспегенін жеткізген.
«Махаббат пен үміттің шағын сыйы»
Мадуро түрмеде түсірілген суреттерін немерелеріне, балаларына және өзін қолдайтын азаматтарға арнаған.
«Махаббат пен үміттің шағын сыйы. Бұл суреттерді барлық немереме, балаларыма және бізді жақсы көретін адамдарға шағын сыйлық ретінде жолдап отырмын. Біздің берік екенімізді білгендеріңізді қалаймын. Жүрегіміз сіздердің махаббаттарыңызға толы», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұл мәлімдеме АҚШ пен Венесуэла арасындағы қарым-қатынас, соның ішінде мұнай мәселесі қайтадан халықаралық күн тәртібіне шыққан тұста жарияланып отыр.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэламен 65 миллиард баррельден астам мұнай қорына қатысты келісім туралы мәлімдеген. Сондай-ақ ол Венесуэла мұнайы АҚШ-тың стратегиялық қорын толықтыруға бағытталатынын айтқан.
Мадуро не үшін ұсталды
Берілген мәліметке сәйкес, Николас Мадуро 2026 жылдың қаңтарында жұбайымен бірге АҚШ арнайы қызметтерінің операциясы барысында ұсталып, Венесуэла аумағынан әкетілген.
АҚШ билігі Мадуро мен оның айналасындағы тұлғаларды есірткі саудасына және «наркотерроризмге» қатысы бар деп айыптаған. Мадуро тарапы бұған дейін Вашингтонның өзіне қарсы айыптауларын саяси астары бар әрекет деп бағалап келген.
Мадуроға қатысты АҚШ-тың қылмыстық қудалауы бұдан бірнеше жыл бұрын басталған. 2020 жылғы наурызда АҚШ Әділет министрлігі оған және Венесуэланың бірқатар жоғары лауазымды тұлғасына «наркотерроризм», кокаинді АҚШ аумағына жеткізуге бағытталған сөз байласу және қаруға қатысты айыптар таққан болатын.
Вашингтон ұзақ уақыт бойы Мадуроны есірткі тасымалына қатысы бар құрылымдармен байланысы бар деп айыптап келсе, Каракас мұндай мәлімдемелерді жоққа шығарды. 2026 жылдың қаңтарындағы оқиғадан кейін Мадуро мен оның жұбайының АҚШ-та қамауда отырғаны хабарланған. Енді Венесуэла басшысының түрмеден жолдаған суреттері оның отбасына және жақтастарына бағытталған кезекті үндеуі ретінде жарияланып отыр.