Әсел Аяпова әлемдегі ірі энергетикалық корпорациялардың бірі – АҚШ-тағы іргелі AES компаниясында робототехниканы енгізу бағдарламасын басқарып келеді. Қазақ қызы жетекшілік ететін жоба аясында дрон технологиялары корпорацияның 100-ден астам бизнес бағытына енгізіліп жатыр.
Ұшқышсыз ұшу аппараттары – дрондар бүгін де қақтығыс аймақтарында көп қолданылса да, күнделікті өмірдің де ажырамас бөлігіне айналғанын атап өту керек. Бір кездері негізінен әскери-өнеркәсіптік кешенде ғана қолданылған бұл технология қазір түрлі салаларда кеңінен пайдаланыла бастады. Сарапшылардың айтуынша, алдағы жылдары дрондардың ауыл шаруашылығы, мұнай-газ және логистика сияқты салалардағы рөлі айтарлықтай арта түспек. Қазіргі таңда дрондар аэрофототүсірілім жасау, патрульдеу, инфрақұрылымды бақылау, мониторинг жүргізу, деректер мен ақпарат жинау сияқты көптеген міндетті атқарып отыр. Бұл технологияның дамуы түрлі өндірістік процестерді жеңілдетіп, тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Әлемнің 15 елінде кеңселері бар, қызметкерлер саны 12 мыңнан асатын AES компаниясының бас кеңсесінде қазақстандық Әсел Аяпова робототехниканы енгізу бағдарламасын басқарады. Ол бұл қызметті бірнеше жылдан бері атқарып келеді. Әсел жетекшілік ететін командада 600 қызметкер жұмыс істейді, ал оның басты міндеті – корпорацияның 100-ден астам түрлі бизнес бағытына дрон технологияларын енгізу.
Әсел Аяпова жетекшілік еткен бағдарлама АҚШ энергетикасы мен ғаламдық ұшқышсыз авиация саласында айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Соның нәтижесінде оның командасы «AUVSI Award 2018» халықаралық сайысында екінші орынды, тағы бір сайыста үшінші орынды жеңіп алған.

Жалпы робототехника энергетика саласында да жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Тұрақты энергия көздерін жоспарлау, салу және оларды басқару тәсілдері біртіндеп автоматтандырылып келеді. Осы бағытта Fortune 500 тізіміне кіретін америкалық ірі энергетикалық корпорациялардың бірі – AES компаниясы дрондарды кеңінен қолдана бастаған. Компания бұл технологияны қауіпсіздікті арттыру, стандартталған деректерді тиімді жинау және адам өміріне төнетін қауіп-қатерді азайту мақсатында енгізіп отыр.
Бұл жоба энергетикалық инфрақұрылымды бақылау мен басқарудың жаңа тәсілдерін қалыптастырып, өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар дрондардың көмегімен деректерді жедел әрі дәл жинау, нысандарды қашықтан бақылау және күрделі жұмыстарды автоматтандыру жеңілдей түседі.
Әсел әлеуметтік желіде белсенді. Өз өмірі мен жұмысындағы жетістіктері жайлы ақпаратты бөлісіп, АҚШ-тағы қазақтардың жиынында бел ортада жүреді. АҚШ-тағы Қазақстанның елшілігі өткізетін іс-шараларға қатысып, бауырластықты үлгі етеді.

Әсел Аяпованың айтуынша, жасанды интеллект пен робототехниканың дамуына байланысты кейінгі жылдары түрлі ортада болашақ мамандықтары (алдағы 20–30 жыл) туралы жиі талқылана бастаған. Роботтандыру мен еңбек үдерістерін автоматтандыру еңбек нарығына айтарлықтай өзгеріс әкеліп, жаңа кәсіптердің пайда болуына әрі қазіргі мамандықтардың мазмұнының өзгеруіне ықпал етеді. Әсел Аяпова осы ретте болашақта сұранысқа ие болуы ықтимал бірқатар мамандықтары ретінде төмендегі кәсіптерді анықтаған:
-
Жасанды интеллект және машиналық оқыту мамандары. Бұл саладағы кәсіби мамандар алгоритмдер әзірлеп, модельдерді үйретіп, жасанды интеллектке негізделген шешімдерді әртүрлі салаларға енгізумен айналысады.
-
Үлкен деректерді талдаушылар (Big Data аналитиктері). Деректер көлемі ұлғайған сайын үлкен мәліметтер жиынтығын талдап, одан пайдалы ақпарат шығара алатын мамандарға деген сұраныс арта түседі.
-
Робототехника инженерлері. Олар өндіріс, медицина және тұрмыстық мақсаттарға арналған роботтарды жобалап, құрастырып, қызмет көрсетумен айналысады.
-
Киберқауіпсіздік мамандары. Цифрландыру мен автоматтандыру кеңейген сайын жүйелерді кибершабуылдардан қорғауға қабілетті мамандардың маңызы арта береді.
-
Блокчейн технологияларының мамандары. Олар транзакциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін блокчейн жүйелерін әзірлеп, қолдап отырады.
-
Дрон операторлары. Дрондарды түрлі мақсатта басқару – тауар жеткізуден бастап мониторинг жүргізу мен құтқару операцияларына дейін – маңызды кәсіптердің біріне айналады.
-
Экологиялық технологиялар мамандары (экотехнологтар). Олар тұрақты даму қағидаттарына негізделген, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған технологияларды әзірлеп, енгізумен айналысады.
-
Био- және нанотехнология саласының мамандары. Бұл мамандар медицинада, ауыл шаруашылығында және басқа да салаларда биотехнологиялық әрі нанотехнологиялық шешімдерді қолданумен жұмыс істейді.
-
Урбанистер және «ақылды қалаларды» жоспарлаушылар. Олар IoT және басқа да заманауи технологияларды пайдалану арқылы қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған «ақылды қала» тұжырымдамаларын әзірлейді әрі іске асырады.
-
Кәсіптік өзгерістер жөніндегі кеңесшілер. Бұл мамандар адамдарға еңбек нарығындағы жаңа талаптарға бейімделуге, жаңа дағдыларды меңгеруге және қажет болған жағдайда мамандық ауыстыруға көмектеседі.
“Сондықтан балаларға пәндер мен түрлі үйірмелерді таңдағанда болашақ мамандықтарын ескерген жөн. Бұл олардың технологиялық өзгерістер қарқынды жүріп жатқан әлемде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді”, – дейді Әсел Аяпова.
Фотосуреттер: Әсел Аяпованың парақшасынан