АҚШ Қазақстанда филиалы бар ресейлік банкті ирандық санкция тізіміне енгізді
АҚШ 2014 және 2022 жылдары Ресей Қырымды басып алғаннан кейін және Украинада толық ауқымды соғыс бастағаннан соң ВТБ банкіне санкция салған. Енді банк Иранмен байланысы үшін тағы бір санкциялар тізіміне енді, деп жазады DW.
АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) активтерінің көлемі бойынша Ресейдегі екінші ірі банк – ВТБ-ны Иранға қатысты санкциялар тізіміне қосты. Бұл туралы АҚШ қаржы министрлігінің дүйсенбі, 14 қыркүйекте жарияланған баспасөз хабарламасында айтылған.
Ведомство санкция енгізуге ВТБ-ның Иранға қарсы қолданыстағы санкцияларды айналып өтуге қатысуы себеп болғанын мәлімдеді. Министрліктің мәліметінше, қаржы ұйымы Иранда өкілдіктер ашқан, санкция салынған ирандық банктермен есеп айырысқан және Иранның бұғатталған миллиардтаған долларлық активтерін аударуға қатысқан. Сондай-ақ екіжақты сауданы ұлғайту мақсатында Иран риалы мен Ресей рубліндегі корреспонденттік шоттар арқылы ұлттық валюталармен есеп айырысу жүйесін құрған.
ВТБ Қырымның аннексиялануына байланысты 2014 жылғы шілдеден бері АҚШ-тың секторалдық санкцияларына ұшыраған. 2022 жылғы ақпанда Украинада толық ауқымды соғыс басталғаннан кейін Вашингтон банкке қатысты бұғаттау санкцияларын енгізді.
Қазақстандағы филиалы жайлы
Forbes.kz мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ВТБ банктің Қазақстандағы активтері 267 млрд теңгені құрап, осы көрсеткіш бойынша елдегі банктер арасында 20-орынға тұрақтаған. Бір жылда активтері 9%-ға ұлғайып, өсу қарқыны бойынша банк 13-орынға шыққан. Меншікті капиталы 12%-ға өсіп, 119 млрд теңгеге жетті. Оның көлемі бойынша банк 14-орынға ие болды. Ал салымдар көлемі 12%-ға қысқарып, 87 млрд теңгені құраса, несие портфелі 35%-ға азайып, 45 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Несие портфелінің қысқарғанына қарамастан, банк жоғары тиімділік көрсетті: 2025 жылдың қорытындысында активтерінің рентабельділігі (ROA) 18%-ды құрап, Қазақстан банктері арасындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Ал меншікті капиталының рентабельділігі (ROE) 40%-ға жетіп, банк осы көрсеткіш бойынша секторда үшінші орынға шықты. Банктің таза пайдасы 45,2 млрд теңгені құрады.