TOP-1Жаңалықтар

АҚШ пен Иран келісімге келді

Құжатқа жұма күні Женевада қол қою жоспарланып отыр.

Пәкістан АҚШ пен Иран арасында келісімге қол жеткізілгенін, сондай-ақ аймақта, оның ішінде Ливанда атысты тоқтату туралы уағдаластық жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ВВС мәліметінше, осыдан кейін Трамп Иран үшін теңіз блокадасының тоқтатылатынын және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы қайта жанданатынын хабарлады. Мұны Тегеран да растады. Келісімнің нақты шарттары әзірге жарияланған жоқ.

«Қарқынды келіссөздердің нәтижесінде Америка Құрама Штаттары мен Иран Ислам Республикасы арасында бейбіт келісім жасалғанын қуана хабарлаймыз. Екі тарап барлық бағыттар бойынша, соның ішінде Ливандағы әскери іс-қимылдарды дереу және түпкілікті тоқтатуға келісті», – деп жазды Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф X әлеуметтік желісінде.

Оның айтуынша, келісімге қол қоюдың ресми рәсімі 19 маусым, жұма күні Швейцария аумағында өтеді.

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге делдал болған Пәкістан келісімге қол жеткізуге үлес қосқан Катар, Сауд Арабиясы және Түркия мемлекеттеріне, сондай-ақ Вашингтон мен Тегеранға алғыс білдірді.

«Келісімге қол жеткізілген соң делдалдар осы аптада бірқатар кездесулер ұйымдастырады. Келісімді іске асыру алдындағы бұл талқылаулар техникалық келіссөздер мен ресми қол қою рәсіміне негіз қалайды», – деді Шариф.

Ал Дональд Трамп өзінің Truth Social желісінде: «Иранмен келісім аяқталды» деп жазды.

«Баршаңызды құттықтаймын! Осы арқылы мен Ормуз бұғазын баж салығынсыз толық ашуға рұқсат беремін және АҚШ Қарулы күштері енгізген теңіз блокадасын дереу алып тастауды мақұлдаймын. Әлемнің барлық кемелері қозғалтқыштарын іске қоссын. Мұнай еркін ағатын болсын!» – деді ол.

Кейін журналистермен әңгімесінде Трамп Ормуз бұғазы Иранмен келісімге қол қойылғаннан кейін ғана толық ашылатынын нақтылады.

Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади мемлекеттік телеарнаға берген телефон арқылы сұхбатында АҚШ-пен жасалған келісімнің толық пысықталғанын және оған жұма күні Женева қаласында ресми түрде қол қойылатынын растады.

«Барлық бағыттарда, соның ішінде Ливанда әскери іс-қимылдарды түпкілікті әрі дереу тоқтату туралы жарияланды», – деді ол.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Женевадағы қол қою рәсіміне қатысуды жоспарлап отырғанын айтты. Оның айтуынша, рәсімге АҚШ президенті Дональд Трамптің өзі де баруы мүмкін.

«Менің ол жерде болу жоспарым бар, бірақ рәсімге президенттің өзі де қатысуы әбден мүмкін», – деді Вэнс Fox News арнасына берген сұхбатында.

Трамп осы аптада дүйсенбі күні Францияда басталып, сәрсенбіге дейін жалғасатын «Үлкен жетілік» саммитіне қатысады. Бұған дейін хабарланғандай, саммиттен кейін оның Эмманюэль Макронмен Париж қаласында кездесуі жоспарланған.

Back to top button