АҚШ президенті Дональд Трамп Иран «жұмыс істей алатын» бейбіт жоспар ұсынғанын, оның соғыс қимылдарын тоқтатуға көмектесуі мүмкін екенін мәлімдеді. Келіссөздер 10 сәуірде Исламабадта өтеді, деп хабарлады Иранның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесі. Бұл жөнінде Deutsche Welle жазды.
АҚШ Пәкістанмен кеңескеннен кейін «Иранға қарсы бомбалау мен шабуылдарды» екі аптаға тоқтатады. Бұл үшін осы мерзім ішінде Ормуз бұғазы арқылы кемелердің кедергісіз өтуі қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл туралы сейсенбі, 7 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
Өз мәлімдемесінде Трамп Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шарифтің «бүгін түнде Иранға бағытталған жойқын күшті тоқтата тұру» туралы өтінішіне сілтеме жасады. Сондай-ақ Ақ үй басшысы атысты тоқтатудың себебі ретінде «біз барлық әскери міндеттерді орындап қана қоймай, асыра орындадық» деп мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, Иранмен ұзақ мерзімді бейбіт келісім бойынша да нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатыр. «Біз Ираннан он тармақтан тұратын ұсыныс алдық және оны келіссөздер үшін жұмыс істей алатын негіз деп санаймыз. Бұрынғы барлық даулы мәселелердің басым бөлігі АҚШ пен Иран арасында келісілген, бірақ екі апталық кезең келісімді толық аяқтауға мүмкіндік береді».
АҚШ әкімшілігінің өкілі The New York Times басылымына америкалық әуе соққыларының тоқтатылғанын мәлімдеді.
Израиль де Иранға қарсы соққыларды екі аптаға тоқтатуға қосылады, деп хабарлады CNN Ақ үй өкіліне сілтеме жасап.
ТЕГЕРАН РАСТАДЫ
Тегеран бітімге дайын екенін растады, деп жазады Fars. Сонымен бірге мәлімдемеде Иран АҚШ-ты қысқа мерзімді атысты тоқтатудың орнына соғысты толық аяқтауға бағытталған он тармақтан тұратын жоспарын қабылдауға мәжбүрлеп, «үлкен жеңіске жеткені» айтылған. Бұл жоспарды Иран бұған дейін Пәкістан арқылы АҚШ-қа жолдаған. Оның тармақтарының ішінде Ислам Республикасына салынған санкцияларды алып тастау және Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелер үшін төлем енгізу бар.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи алдағы екі апта ішінде Ормуз бұғазы Иран Қарулы күштерімен үйлестіре отырып және техникалық шектеулерді ескере отырып, кемелердің қауіпсіз өтуі үшін ашық болатынын мәлімдеді.
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер 10 сәуірде Исламабадта «америкалық тарапқа толық сенімсіздік жағдайында» өтеді, деп хабарлады Иранның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесі.
ТОҚАЕВТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф пен Пәкістан Қарулы күштерінің бас қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунирдің арағайындығымен Таяу Шығыста толық атысты тоқтату және бітім туралы келісімге қол жеткізілгенін құптады.
«Бұл келісім АҚШ президенті Дональд Трамптың және Иранның жоғарғы басшылығының, сондай-ақ әскери қақтығысқа қатысқан елдердің ізгі ниеті мен парасаттылығының арқасында мүмкін болды. Мемлекет басшысы әлемдік сауданың дамуына және барлық мемлекеттің экономикалық өркендеуіне жағдай жасау мақсатында қол жеткізілген бітімгершілік келісімнің ұзақ мерзімді сипатқа ие болатынына үміт білдірді.», – деп хабарлайды Ақорда.