$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

«Ақ жол» партиясы мәлімдеме жариялап, құқық қорғау органдарына арыз түсірді

«Ақ жол» партиясы өзіне және әлеуметтік желілердегі парақшаларына қарсы жаппай ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын мәлімдеді. Партия шабуылды ұйымдастырушыларды анықтау үшін құқық қорғау органдарына арыз жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz партияның мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Партия не дейді

«Ақ жолдың» мәлімдеуінше, партияға қарсы шабуыл барысында жалған ақпарат таратылған. Оны таратушылар сілтеме жасаған ресурс та ресми мәлімдеме жариялап, бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаған.

Осыған байланысты партия оқырмандарды жалған мәліметке сенбеуге және ресми ақпаратқа жүгінуге шақырды. Алайда мәлімдемеде қандай ақпарат тарағаны және оны жоққа шығарған ресурстың атауы нақтыланбаған.

Шабуылды депутаттардың жұмысымен байланыстырады

Партия бұл жағдайды Құрылтайдағы «Ақ жол» депутаттық фракциясының белсенді жұмысымен байланыстырып отыр.

«Біз бұл ақпараттық шабуылдарды Құрылтайдағы «Ақ жол» депутаттық фракциясының белсенді жұмысымен байланыстырамыз. Құрылтайдың алғашқы жұмыс апталарында-ақ партия депутаттары бірқатар маңызды әрі қоғам үшін өзекті мәселелерді көтерді», – делінген мәлімдемеде.

«Ақ жол» шабуылды ұйымдастырушыларды анықтап, заңда көзделген жауапкершілікке тарту жөнінде құқық қорғау органдарына арыз бергенін хабарлады. Партия нақты қай органға жүгінгенін жарияламаған.

Back to top button