Аптап ыстық басыла ма: алдағы үш күнде Қазақстан мегаполистерінде ауа райы қандай болады
«Қазгидромет» алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, 7-9 маусым аралығында еліміздің ірі мегаполистерінде күн ыстық болып, кей өңірлерде ауа температурасы +37 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Астана қаласында демалыс күндері күн райы негізінен жауын-шашынсыз болады. 7 маусымда күндіз ауа температурасы +28…+30 градус шамасында болса, 8 маусымда +33 градусқа дейін ысиды. Ал 9 маусымда өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Сол күні желдің екпіні секундына 15-18 метрге дейін күшейеді.
Алматы тұрғындарын да алдағы күндері ыстық ауа райы күтіп тұр. 7 маусымда мегаполисте аздаған жаңбыр мен найзағай болжанғанымен, кейін күн қайта ашылады. 8-9 маусым күндері жауын-шашынсыз өтіп, ауа температурасы +34 градусқа дейін көтеріледі.
Ал Шымкент қаласында аптап ыстық сақталады. Синоптиктердің болжамынша, 8 маусымда күндіз ауа температурасы +35…+37 градусқа дейін жетеді. Үш күн бойы жауын-шашын күтілмейді, желдің жылдамдығы секундына 8-13 метр шамасында болады.
Осылайша, алдағы күндері Қазақстанның ірі қалаларында жазғы ыстық күшейе түседі. Мамандар тұрғындарға күннің ыстық уақытында ұзақ жүрмеуге, көбірек су ішуге және күннен қорғану шараларын сақтауға кеңес береді.