Аптап ыстықтың беті қайтып, күн салқындайды – алдағы үш күнге ауа райы болжамы
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен бұршақ жауып, екпінді жел соғуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ауа райы құбылмалы болады
Қазгидромет мәліметінше, алдағы бірнеше күнде республиканың басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Синоптиктер атмосфералық фронттар ықпалымен бірқатар өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайтынын болжап отыр.
Кей жерлерде жауын-шашын жиілеп, бұршақ жауып, дауыл тұруы ықтимал.
Ыстық қайтады
Жауын-шашын әсерінен көптеген аймақта ыстық біртіндеп бәсеңдейді. Солтүстік пен солтүстік-батыс өңірлерде күндіз ауа температурасы +20…+30°С шамасында болады.
Орталық және шығыс облыстарда термометр бағаны +22…+35°С аралығын көрсетеді.
Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда ауа температурасы +27…+35°С деңгейінде сақталады.
Батыс Қазақстанда аптап сақталады
Тек елдің батыс бөлігінде ыстық ауа райы жалғасады. Иран аумағынан келетін ыстық ауа массалары әсерінен бұл жақта ауа температурасы күндіз +30…+42°С дейін көтерілуі мүмкін.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының құбылмалы жағдайына байланысты сақтық шараларын сақтауды ескертеді.