Түркияның Анталия қаласында Қазақстанның 27 жастағы азаматы Құбат Аманбеков көз жұмды. Бұл туралы IHA агенттігі хабарлады.
Жол-көлік оқиғасы шамамен түнгі сағат 03:00-де Серік ауданына қарасты Белек аймағындағы туристік жолда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, А.C. есімді жүргізуші басқарған такси сол бағытта велосипедпен келе жатқан Аманбековпен соқтығысқан.
Апаттан кейін оқиға орнына дәрігерлер мен полиция қызметкерлері жетті. Дәрігерлер жас жігіттің оқиға орнында қаза тапқанын анықтады.
Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, марқұм бес жұлдызды қонақүйде даяшы болып жұмыс істеген. Оның денесі сараптама жүргізу үшін Анталия сот-медициналық сараптама институтының мәйітханасына жеткізілді.
Такси жүргізушісі жауап алу үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді. Аталған жол апатына байланысты тергеу басталды.