«Америкалық әскери адам»: ақтөбелік әйел алаяққа 1 миллион теңге аударған
Әйел әлеуметтік желіде өзін америкалық әскери қызметкер деп таныстырған ер адаммен танысып, оған шамамен 1 миллион теңге аударған.
Ақтөбе қаласының 62 жастағы тұрғыны интернет-алаяқтықтың құрбаны болып, әлеуметтік желіде танысқан адамға шамамен 1 миллион теңге жоғалтқан. Ақша алғаннан кейін интернеттегі танысы байланысқа шықпай қойған, ал зейнеткер полицияға жүгінген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел интернет арқылы өзін АҚШ-тың отставкадағы әскери офицері ретінде таныстырған ер адаммен танысқан. Олар ұзақ уақыт бойы хат алмасып, ер адам жылы сөздер айтып, болашақта кездесетінін уәде еткен.
«Біраз уақыттан кейін ол қиын жағдайға тап болғанын айтып, ақшалай көмек сұраған және қаражатты кейін қайтарып беретінін айтқан. Оған сенген зейнеткер бірнеше аударым арқылы шамамен 1 миллион теңге жіберген», – деп жазылған хабарламада.
Ақша түскеннен кейін интернеттегі таныс адам байланысқа шықпай қойған. Өзінің алданғанын түсінген әйел құқық қорғау органдарына жүгінген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.