Алматыдағы үш кісінің өлімі: Әбенов кінәлі тарап “келіссөзге” ұмтылып жатқанын айтты
Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш кісінің өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасының әділ тергелуіне туған-туыстары күмәнмен қарайды. Депутат Мұрат Әбенов Үкімет кулуарында шулы оқиға жөнінде осылай деді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әбенов өзіне қайтыс болған бойжеткеннің туыстары хабарласғанын айтты. Олардың айтуынша, тергеу өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ дейді депутат.
“Көп ақпарат жасырылды деді. Мекенжайды қайдан алғанын білмейміз, жүргізушінің туыстары, әлдебір күзетшілер келіп, бізбен келіссөз жүргізгісі келді. Қорқып тұрмыз, тергеу дұрыс емес деп тұр», – деді Әбенов журналистерге.
Депутат күдіктіге полицейлер көмектескен деген қауесетке қатысты да пікір білдірді. Сөзінше, оған блогерлер дәлел болатын видеолар да жіберген.
«Әділетхан деген блогер көп ақпарат берді. Сол видеоларда автокөліктерге жалған нөмірлер салғаны көрсетілген. Полиция автокөлігінің жаңағы жүргізушінің жанында жүргені жайлы видеолар бар. Жүргізушілер өздері жалған нөмір таққан, үкіметке қатысты нөмірмен жүр. Бұл үлкен заңсыздық», – дейді Әбенов.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда үш адамның өмірін қиған ауыр жол апаты болған еді. Тараған мәліметтерге сәйкес, оқиға алдында көше жарысы болған, оған кей деректер бойынша кәсіпкер қатысқан. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Резонанстан кейін, 26 наурызда полиция түнгі жарыстарға қарсы күресті күшейтетінін мәлімдеді. Сол күні мәжіліс депутаты Мұрат Абенов Алматыдағы өлімге әкелген жарысқа жоғары лауазымды полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, күдігін бейнежазбамен бірге жариялап отыр.
Осы оқиғадан кейін Алматы полициясы басшылығындағы бірнеше қызметкер лауазымын босатты.