Алматыдағы хайуанаттар бағында канадалық сілеусіндер пайда болды
Солтүстік Америкадан келген сілеусіндер ветеринарлық бақылауда болды.
Қалалық әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, жануарлар 6 сәуірде АҚШ-тан халықаралық жануарлар алмасу бағдарламасы аясында жеткізілген. Алмасу кезінде хайуанаттар бағынан жыртқыш құстар берілген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сілеусіндер келгеннен кейін міндетті карантиннен өтіп, ветеринарлық бақылауда болды. Қазіргі уақытта олар жаңа ортаға жақсы бейімделіп, келушілер үшін көруге қолжетімді болды.
«Канадалық сілеусіндер Америка Құрама Штаттарынан 6 сәуірде келді. Енді олар хайуанаттар бағына келушілермен танысуға дайын! Біздің аталығымыз 3 жаста, ал аналығымыз 7 жаста. Жаңа тұрғындарымыз «леопардтар шеңбері» деп аталатын аумақта қоныстанды. Мұнда ұсақ жыртқыштар мекендейді. Олардың вольерінде жайлы үйшік, кондиционер және салқындатқыш тұман жүйесі бар. Ал мәзірінде балық, сиыр еті және тауық еті ұсынылады», – деп жазылған хабарламада.
Канадалық сілеусін – Солтүстік Американың солтүстік аймақтарында мекендейтін мысық тұқымдасына жататын жыртқыштардың бірі. Бұл аң қатал климатқа жақсы бейімделген және өте төзімділігімен ерекшеленеді. Оның басты белгілері – құлағындағы ұзын шоқ шаштар, қалың жүні және қардың үстімен оңай жүруге мүмкіндік беретін жалпақ табандары. Сілеусіннің құлағындағы шашақтар тек сән үшін емес. Олар дыбыстарды жақсырақ қабылдауға көмектесіп, аң аулау кезінде бағыт-бағдар алуды жеңілдетеді. Ал жүрген кезде артқы аяқтарын дәл алдыңғы аяқтарының ізіне басатындықтан, олардың қозғалысы өте тыныш болады.