Алматыда қаруға ұқсас затпен жұртты қорқытқан бес жігіт ұсталды
Алматыда өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, қаруға ұқсас зат көрсеткен бес жігіт ұсталды. Полиция олардың көлігінен тапаншаға ұқсас зат тәркіледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция Қабанбай батыр мен Әуезов көшелерінің қиылысында Toyota Camry көлігін тоқтатқан. Салонда бес жас жігіт болған.
Көлікті тексеру кезінде орындықтардың бірінің астынан тапаншаға ұқсас зат табылып, тәркіленді.
Полиция мәліметінше, көлік тоқтатылғанға дейін жігіттер дүкендердің бірінің маңында өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, қаруға ұқсас зат көрсеткен.
«Қазір Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады полиция.
Оқиғаға қатысты тексеру жалғасып жатыр.