Алматыда отбасындағы кикілжің кісі өлімімен аяқталды (ВИДЕО)
Алматыда отбасылық жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. 59 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмды. Күдікті ретінде оның 34 жастағы өгей ұлы ұсталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде болған. Түнгі сағат үш шамасында «102» арнасына пәтерде жанжал болғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы барған. Дәрігерлер ер адамның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ол көптеген пышақ жарақаты мен көп қан жоғалтудың салдарынан қайтыс болған.
Полиция күдіктіні оқиға орнында ізін суытпай қолға түсірді. Тергеудің алдын ала мәліметінше, отбасылық жанжал кезінде 34 жастағы өгей ұл өгей әкесіне асүй пышағымен бірнеше рет соққы жасаған.
Полицияның мәліметінше, күдікті жанжалдың анасына қатысты туындаған кикілжіңнен басталғанын айтқан. Бұл нұсқа тергеу барысында жан-жақты тексеріледі.
Аталған факті бойынша кісі өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram