Алматыда дипломын жыртқандай көрініс жасаған колледж түлегі қамалды
Алматыдағы Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінің түлегі Дәулет Әбдірахман әлеуметтік желіде кеңінен тараған видеосымен көптің назарына ілінді. Ол диплом табыстау рәсімінде қолындағы «дипломды» жұрттың көзінше жыртқандай көрсеткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Полиция бұл оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп, видеода шынайы диплом емес, алдын ала дайындалған диплом мұқабасының макеті қолданылғанын анықтады. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, түлектің түпнұсқа дипломы, оған қоса берілетін қосымшасы және оқу орны тапсырған диплом мұқабасы бүлінбеген.
Соған қарамастан, жас жігіт жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сот оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп танып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Кейін Дәулет Әбдірахман видеоүндеу жариялап, ұстаздарынан, колледж басшылығынан және оның әрекетіне ренжіген барлық азаматтардан кешірім сұраған еді.