TOP-2Қоғам

Алматыда бұрынғы пірәдар Иаков Воронцов ұсталды

Орыс православ шіркеуі (ОПШ) ұйымының бұрынғы пірәдары Иаков Воронцов ұсталды, деп хабарлайды КазТАГ.

Иаков Воронцов Қазақстанда Ресей ОПШ-тан бөлек дербес православ шіркеуін құруға талпынысы үшін қысым көргенін бұған дейін мәлімдеген. Бүгін әкімшілік қамау мерзімін өтеп шыққаннан кейін қайтадан ұсталды.

«Оны ұстау туралы хаттама толтырылды. Иаковқа ҚР ҚК-нің 302-бабы (“есірткі құралдарын тұтынуға арналған притон ұйымдастыру немесе ұстау”) және 296-бабы (“өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен заңсыз айналысу”) бойынша айып тағылып отыр», — деді Воронцовтың адвокаттарының бірі Ғалым Нұрпейісов.

Бүгін Воронцовтың әкімшілік қамау мерзімі аяқталған, алайда ол бостандыққа шыққан жоқ. Адвокаттың хабарлауынша, 23 ақпан күні таңертең Воронцов 72 сағатқа ұсталған. Бұл жолы ол қылмыстық іс аясында күдікті ретінде танылып отыр. 72 сағат ішінде оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау жөнінде процессуалдық шешім қабылдануы тиіс.

Бұған дейін БАҚ сұрауына жауап ретінде Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасында «есірткі құралдарын тұтынуға арналған притон ұйымдастыру» фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған. Еске салайық, әкімшілік қамауда отырған кезде Воронцов хат жазған, оны оның адвокаты жариялаған. Хатта Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, жағдайды Қазақстанда ОПШ-тан тәуелсіз православ шіркеуін құру әрекетімен байланыстырады.

Бұған дейін Воронцов өзіне қатысты «экстремизм» бабы бойынша қозғалған қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеген. Сондай-ақ 12 ақпанда бұрынғы священник Алматы қаласының әділет департаментіне діни бірлестікті мемлекеттік тіркеуден бас тартуды заңсыз деп тану туралы талап-арыз бергені хабарланған.

Воронцов Қазақстан қоғамын алаңдатқан көптеген өзекті мәселелер бойынша ашық сыни ұстанымымен танымал.

Back to top button