Қоғам

Алматыда аптап ыстықтан жедел жәрдемге 33 мыңнан астам шақырту түсті

Алматыда аптап ыстықтың салдарынан жедел жәрдем қызметіне түсетін шақыртулар саны күрт артқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шілде айының алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан астам шақырту түскен.

Олардың ішінде 1,5 мыңға жуығы артериялық қан қысымының көтерілуіне байланысты болса, 300-ден астамы жүрек-қан тамырлары ауруларымен, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфарктіне қатысты болған.

Сонымен қатар ми қан айналымының жедел бұзылуына шалдыққан елуге жуық науқас шұғыл түрде қалалық ауруханаларға жеткізілген.

Мамандардың айтуынша, өткен кезеңмен салыстырғанда күн өту салдарынан жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болғандар саны екі есеге артқан.

Дәрігерлер тұрғындарға күннің ең ыстық мезгілі – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында мүмкіндігінше сыртқа шықпауға кеңес берді.

Сондай-ақ табиғи матадан тігілген жеңіл киім киіп, бас киім мен күннен қорғайтын көзілдірік тағу, тәулігіне кемінде екі литр су ішу, ал алкогольді, тәтті және газдалған сусындарды тұтынудан бас тартуды ұсынды.

Back to top button