TOP-2Жаңалықтар

Алматыда 400-ден аса компанияның құрылыс лицензиясын заңсыз алғаны анықталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Алматы қаласы бойынша департаменті лицензия алу үшін мемлекеттік «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізумен айналысқан тұлғалар тобының заңсыз әрекетін анықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылдан бері қылмыстық схемаға қатысушылар Алматының қала құрылысы бақылау басқармасы жекелеген қызметкерлерімен алдын ала сөз байласқан. Олар өздеріне қарасты компаниялар арқылы өндірістік базалардың, арнайы техниканың және білікті инженерлік-техникалық мамандардың бар екендігі туралы жалған ақпарат ұсынған. Алайда іс жүзінде бұл талаптарға сәйкестік болмаған.

Соның салдарынан белгіленген біліктілік талаптары формалды түрде «орындалған» болып көрсетіліп, 400-ден астам заңды тұлға сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларында І санаттағы лицензияларды заңсыз алған.

Жедел-тергеу шаралары барысында күдіктілерге қатысты тінту жүргізіліп, заңсыз әрекеттерді дәлелдейтін құжаттар мен өзге де заттай айғақтар тәркіленген. Агенттік мәліметінше, мұндай «қызметтер» үшін қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар клиенттерден 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін ақша алып отырған.

Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Өзге де қатысы бар тұлғалар мен заңсыз лицензия алған компаниялардың әрекетіне құқықтық баға берілмек.

Back to top button