Жаңалықтар

Алматы тауларында адасқан екі қыз құтқарылды

Іздеу барысында тауда жаңбыр жауып, қозғалыс пен аумақты тексеру біршама қиындаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЖАҢБЫР ЖАУЫП, ЖҰМЫСҚА ҚИЫНДЫҚ КЕЛТІРДІ

Аталған оқиға Алматы облысының Талғар ауданында, Бесқайнар ауылының маңында, Букреев шыңы аумағында болған. 2009 жылы туған екі турист жеті адамнан тұратын топ құрамында болған, алайда “Пионер” тау кешеніне қарай түсу кезінде олар қалып қойып, байланысты жоғалтқан.

Жоғалғандар туралы белгі түскен соң ҚР ТЖМ “Барыс” республикалық қызметінің құтқарушылары Алматы ТЖД бөлімшесімен бірлесіп, жедел іздестіруге кірісті. Іздеу барысында тауда жаңбыр жауып, қозғалыс пен аумақты тексеру біршама қиындаған.

ӨЗДІГІНЕН ҚОЗҒАЛА АЛМАДЫ

Мамандар Бутаков шатқалы мен Букреев шыңы маңындағы бағыттарды сүзіп шықты. Қыздар қатты тоңып, әбден қалжырапты. Тіпті өздігінен қозғала да алмады.

Оқиға орнында оларға тиісті көмек көрсетіліп, кейін құтқарушылар зардап шеккендерді бағыттың күрделі учаскелерінен кезекпен арқалап өтіп, эвакуациялады.

Қуанышқа орай, ауруханаға жатқызу қажет болмады. Таудан түскен соң қыздар туыстарына тапсырылды.

Back to top button