Алматы оқушылары жазда 350 мың теңгеге дейін табыс таба алады
Жасөспірімдерді уақытша жұмыспен қамту бағдарламасы маусым айында басталады.
Жоба аясында биыл 800-ге жуық оқушы мен студент жұмысқа қабылданады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Бағдарлама Еңбек мобильдігі орталығы арқылы, «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
Алматы облысында 14 жастан асқан оқушылар мен студенттер жазғы үш айлық каникул кезінде уақытша жұмысқа орналасып, 350 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Яғни жазғы демалысты тиімді пайдаланып, ай сайын шамамен 118 мың теңгеге дейін жалақы алу мүмкіндігі бар, – деп жазды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ол үшін Enbek.kz электрондық еңбек биржасына кіріп, «Менің жазғы каникулым» бөліміне тіркеліп, түйіндеме жүктеу қажет. Кейін жастар өзіне ыңғайлы бос жұмыс орындарын таңдап, өтінім бере алады. Ал 14–15 жастағы оқушылар үшін платформадағы жеке кабинетке ата-анасы немесе заңды өкілі тіркеледі.
Жастар дүкен көмекшісі, курьер, аниматор, промоутер, кітапхана немесе лагерь жетекшісінің көмекшісі, SMM маманы секілді жеңіл әрі қауіпсіз жұмыстарды атқарады. Олар күніне шамамен 7 сағатқа дейін жұмыс істей алады.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, 14–16 жас аралығындағы жасөспірімдердің жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан, ал 16–18 жас аралығындағы жастар үшін 36 сағаттан аспауы тиіс.
«Қолданыстағы Еңбек кодексіне сәйкес, кәмелетке толмағандарға ауыр және қауіпті жұмыстарда, түнгі ауысымда, сондай-ақ алкоголь мен темекі өнімдері сатылатын орындарда еңбек етуге тыйым салынады. Сондықтан жүйе заң талаптарына сәйкес келмейтін вакансияларды автоматты түрде бұғаттайды», – деп жазылғане хабарламада.
Мансап орталығы жұмыс берушілердің қызметіне күн сайын мониторинг жүргізеді. Жұмыс берушілер еңбек порталында жұмыс уақыты туралы мәліметтерді әр айдың 25-іне дейін тапсырып отыруы тиіс.