ЖаңалықтарҚоғам

Алматы облысында үшем шетінеп кетті: туыстары тексеріс талап етіп отыр

Нәрестелерінен айырылған ананың туған-туыстары дәрігерлер медициналық көмек көрсету кезінде қателік жіберген болуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Tizgin.kz Almaty арнасына сілтеме жасап.

Шақалақтардың шетінегенін қашан хабарлады

Айдана Оразбаеваның туыстары алты айлық жүктілік асқынусыз өткенін айтты. Олардың сөзінше, шілденің 17-18 түні суы кетіп, мерзімінен бұрын босанды. Алдымен оны тіркеуде тұрған Жамбыл аудандық ауруханасына апарып, кейінірек Қаскелең перзентханасына жіберген. Таңғы сағат 7:00-де үшем дүниеге келді. Алайда бірнеше сағат өткен соң оларға екі нәрестенің шетінегені туралы хабарлаған.

“Біз жоспарлы кесар тілігін жасату үшін қалалық перзентханаға баруымыз керек еді. Бірақ жағдай шұғыл әрекетті қажет етіп, үшем босанатындықтан қалаға жіберуді сұрадық. Бірақ мамандар ұрықтар өте кішкентай, әрі табиғи жолмен босану мүмкін екенін айтты. Шақалақтар таңғы сағат 7-де дүниеге келді, сосын бізге екі нәресте бірінен соң бірі шетінегенін айтты. Мұны дәрігерлерден емес, келінімен білдік”, – деді Оразбаеваның енесі Гүлжәмила Төлешова.

Туыстары жаңа туған нәрестелердің денелерін тапсырғанда ешқандай ресми құжаттар берілмеген. Одан бөлек, нәрестелерді жерлеу рәсімінен соң отбасы үшіншісінің жағдайын сұрау үшін перзентханаға оралды, сосын тағы бір суық хабарды естіді.

“Үшінші нәрестенің жағдайын сұрауға келдік. Келінім ішкі қан кетуден айығып келе жатқандықтан, есін енді жиып жатты. Педиатрмен кеңескенімізде, ол қай баланы көріп жатқанымызды сұрады, үш сәбиіміз де шетінегенін айтты. Біз мұны неге жасырғанын түсінбедік”, – деді Оразбаеваның туысы Жазира Төлешова.

Туыстары неден күмәнданып отыр

Енді олар бірнеше жайтқа күмәнмен қарап отыр. Тіпті нақты өздерінің балаларын бергеніне де сеніп отырған жоқ.

“Олар жай ғана шүберекке орап, қорапқа салып, тапсырды. Ешқандай құжат, сот-медициналық сараптама қорытындысын бермеді. Бізге ресми құжаттар беруі керек еді”, – деді Оразбаеваның туысы Ержан Екейбаев.

Қарасай көпсалалы орталық аудандық ауруханасы науқас жүктіліктің 25 аптасында түскенін хабарлады. Оны басқа медициналық мекемеге ауыстыру мүмкін емес дейді.

“Ішкі аудит жүргізіліп жатыр”

Айтуларынша, жүктіліктің 25 аптасында үшемнің дүниеге келуі шұғыл медициналық көмекті қажет ететін өте қиын жағдай.

“Әйел ауруханаға жатқызылды. Таңғы сағат 7:00-де салмағы өте аз үш нәресте дүниеге келді. Бұл кезде өмірлік маңызы бар органдар, әсіресе өкпе және орталық жүйке жүйесі әлі толық дамымаған. Қазір медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы.

Бұдан соң туыстары құқық қорғау органдарына хабарласқан. Олар тәуелсіз және кешенді тергеу жүргізізіліп, жаңа туған нәрестелер өлімінің себептерін анықтауды және кінәлілерді жауапкершілікке тартуды талап етуде.

Back to top button