Жаңалықтар

Алматы хайуанаттар бағында экзотикалық құстардың саны көбейді

Олардың табиғи мекен ету ортасына барынша жақын жағдай жасалған.

Алматы хайуанаттар бағында сирек кездесетін тотықұстардың сегіз балапаны дүниеге келді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сирек тотықұстар бір жылда екі рет балапандады

Мекеме мамандарының мәліметінше, олардың бесеуі – ала розелла, ал үшеуі – сақиналы тотықұс. Бұл – құстардың қолайлы ортада өсіп-өніп жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

«Бұл жұп алғаш рет көбейіп отырған жоқ. Өткен жылы олар 2 балапан өсірсе, биылдың өзінде екі рет ұрпақ берді: алғаш рет ақпан айында, кейін мамыр айында. Мұндай нәтиже құстарға жасалған қолайлы жағдай мен зообақ мамандарының кәсіби күтімінің арқасында мүмкін болды», – деп жазылған хабарламада.

Сапалы күтім – сирек құстардың көбеюінің кепілі

Экзотикалық құстар бөлімінің жетекшісі Айжан Сыбанбекованың айтуынша, мұндай нәтижеге құстарға жасалған тұрақты күтімнің, теңгерімді қоректендірудің және үздіксіз ветеринарлық бақылаудың арқасында қол жеткізілген. Сондай-ақ, олардың табиғи мекен ету ортасына барынша жақын жағдай жасалған.

Алматы қаласы әкімдігі хайуанаттар бағында жануарларды күтіп-бағу және көбейту бағдарламаларының тиімділігі дәлелденіп отырғанын атап өтті. Мамандардың пікірінше, жайлы орта, сапалы күтім мен дұрыс тамақтану жануарлар мен құстардың табысты көбеюіне мүмкіндік береді.

Back to top button