ЖаңалықтарҚоғамЭкономика

Алакөл, Бурабай, Абай облысы: министр туризмді дамытуға қаражат жетпей жатқанын айтты

Жағалаудың жазғы маусымға дайындығы бойынша бірқатар мәселелер сақталып отыр.

Еліміздің бірқатар өңірлерінде туристік инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер әлі де шешімін таппай отыр. Республикалық деңгейде қосымша қаржыландыру мен қолдауды қажет етеді. Бұл туралы Туризм және спорт министрі  Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Жетісу облысында Алакөл көлінің жағалауында өткен жылдан бері жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуде. Алайда қазіргі қаржыландыру көлемі жұмысты қажетті қарқынмен жүргізуге жеткіліксіз. Қарағанды облысындағы Торанғалық кентінде магистральдық су құбырын салу үшін қосымша қаржыландыру қажет», – дейді министр.

Сондай-ақ, ол Щучинск-Бурабай курорттық аймағында Громотуха өзені арқылы өтетін көпір салу және курорттық аумақтағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

«Абай облысында электрмен жабдықтау, жағалауды бекіту, айналма автомобиль жолын, блокты-модульдік тазарту құрылыстарын және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу сияқты бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары әлі күнге дейін басталған жоқ», – дейді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар, жағалаудың жазғы маусымға дайындығы бойынша бірқатар мәселелер сақталып отыр.

«Кейбір учаскелерде жағажай инфрақұрылымы әлі де ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейді. Қалқымалы белгілер, құтқару мұнаралары, киім ауыстыратын кабиналар және санитарлық тораптар жеткіліксіз. Сондықтан әкімдіктер аталған мәселелерді жазғы маусым басталғанға дейін толық шешуі қажет. Аталған жобалардың барлығы 2026–2029 жылдарға арналған курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасына енгізілген», – дейді ол.

Back to top button