Жаңалықтар

Алагөзова мен Сәтжанға жала жапқан емші 1,5 млн теңге айыппұл төлейтін болды

Ақтөбе соты емші Бағдагүл Лепесованы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «жала жабу» бабы бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сотта Лепесова өзіне тағылған айыппен келіспей, видеоны өзі жарияламағанын айтты. Ал Баян Алагөзова бейнежазбада ар-намысына тиетін сөздер айтылғанын айтып, кешірім бермейтінін мәлімдеді. Сараптама қорытындысы бойынша жала жабу дерегі расталған.

Сот шешімімен Бағдагүл Лепесоваға 1 557 000 теңге айыппұл салынды. Айыппұл 30 тәулік ішінде төленуі тиіс. Сонымен қатар, емшіге қатысты Астанада Қылмыстық кодекстің «қорлау» бабы бойынша бөлек қылмыстық іс қаралып жатыр.

Іс не үшін қозғалды

Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова ақтөбелік “TikTok-емшіні” тексеруді талап еткені хабарланған еді. Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде сынықшы әрі емші ретінде танылған. Алайда кейінгі уақытта оның тікелей эфирдегі мәлімдемелері көпшілік арасында дау тудырып жүр. Соңғы дауға тележүргізуші Динара Сәтжанға қатысты айтқан сөздері себеп болды.

Осыдан кейін Динара Сәтжан емшінің қызметі мен табысына қатысты бірқатар сұрақ көтерген. Ол “ақылы бата” үшін түскен қаржы қайда аударылатынын, емшінің салық төлейтін-төлемейтінін, адам емдеуге лицензиясы бар-жоғын анықтауды сұраған.

Back to top button