Жаңалықтар

Алабай 45 қойды жарып кеткен: мал иесі өтемақы өндіріп алды

Жамбыл облысында алабай шаруа қожалық аумағындағы қойларға шауып, иесі екі жыл өткен соң барып 2,5 млн теңгеден астам өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

СОТ МӘЛІМЕТІ

Облыстың ауданаралық экономикалық соты мәліметінше, оқиға 2024 жылдың қарашасында түнде болған. Қараусыз жүрген алабай шаруа қожалығы аумағына кіріп, қой қорада ойран салды. Соның салдарынан 45 қой қырылған.

Талап-арыз білдіруші әкім аппараты мен Кордай ауданының ветеринариялық бөлімінен материалдық шығынды өндіріп беруді сұраған. Алайда жауапкерлер талаппен келіспей, мал иесі қауіпсіздік шараларына мән бермегенін алға тартқан, – делінген сот ақпаратында.

Сот барысында иттің нақты иесі анықталмағаны, яғни оның қараусыз жүргені дәлелденді. Сонымен қатар, қаңғырған жануарлар санын реттеу және оларды аулау міндетінің ветеринариялық қызметке жүктелгені анықталды. Алайда тиісті алдын алу шаралары дер кезінде қабылданбаған.

БІР ҚОЙДЫҢ ОРТАША БАҒАСЫ ҚАНДАЙ

Жауапкер тараптың «мал иесі қауіпсіздікке жеткілікті мөлшерде көңіл бөлмеген» деген уәжі сотта негізсіз деп танылды. Ұсақ мал қамалған жердің дұрыстап қоршалғаны да расталды.

Залал мөлшерін анықтау кезінде сот ресми деректерге сүйенді: оқиға болған кезде бір қойдың орташа бағасы 57 мың теңгеден асқан. Жалпы шығын көлемі 2,5 миллион теңгеден жоғары деп есептелді.

Сот шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылып, ветеринариялық бөлімнен аталған сома мен сот шығындары өндірілді. Ал ауылдық округ әкімдігі аппаратына қатысты талап қанағаттандырылған жоқ.

Үкім заңды күшіне енді.

Back to top button