$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Жаңалықтар

Әл-Фарабидегі жантүршігерлік апат: тағы бір адамға үкім шықты

Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты бұрынғы полиция қызметкері Әсет Жақсылықовқа үкім шықты. Қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасарының жүргізушісі қызметтегі әрекетсіздігі үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.

Мас жүргізушіні тоқтату үшін шара қолданбаған

Істі Алматының Медеу аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты қарады. Оқиға болған кезде Әсет Жақсылықов қалалық полиция департаменті бастығының сол кездегі орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі болып жұмыс істеген. «Жетінші арнаның» мәліметінше, Жақсылықов қауіпті жарысқа қатысқан екінші көліктің тізгінінде болған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол Александр Пактың ішімдік ішкенін және Zeekr көлігін қауіпті жүргізгенін біле тұра, оны тоқтату үшін шара қолданбаған.

Сот Жақсылықов полиция қызметкері ретінде құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесуге міндетті болған деген қорытындыға келді. Прокурор оны жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот Қылмыстық кодекстің 370-бабы – «Қызметтегі әрекетсіздік» бойынша 3 жыл 6 ай жаза тағайындады. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.

Бұған қоса, Жақсылықов «полиция сержанты» арнаулы атағынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына шеттетілді.

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты

Қайғылы оқиға 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болды. Александр Пак басқарған Zeekr қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі – 29 жастағы ер адам мен оның 20 және 22 жастағы екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Сотта Пактың көлікті мас күйінде жүргізгені анықталды. 22 маусымда ол он жылға бас бостандығынан айырылып, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына шеттетілді. Әсет Жақсылықовқа қатысты іс бөлек қаралды. Оған апатқа дейін мас жүргізушінің заңсыз әрекеттерін тоқтатуға шара қолданбағаны үшін айып тағылған.

Back to top button