Тергеу

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: күдіктінің достарының үстінен іс қозғалды

Александр Пак пен оның достарының жол апаты болмай тұрып дәмханаға қанша ақша жұмсап, қай жерде ішкендері белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.

КҮДІКТІНІ ҚОРҒАП ҚАЛМАҚ БОЛДЫ

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына байланысты төрт куәгерге қатысты жалған куәлік беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу деректеріне сәйкес, Zeekr көлігі жүргізушісінің таныстары күдіктіні қорғау мақсатында оқиғаға дейін ішімдік ішкенін жасырып, тергеу кезінде әдейі жалған ақпарат берген. Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев хабарлады.

САРАПТАМА НӘТИЖЕСІ

Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы аталған төрт куәгерге қатысты Қылмыстық кодекстің 420-бабы 1-бөлігіне («Көрінеу жалған куәлік беру») сәйкес қылмыстық іс жүргізіп жатыр. Тергеу мәліметінше, олар досын аман алып қалу үшін оқиға алдындағы отырыс болғанын жасырған.

Адвокат сөзінше, куәгерлер алғашқы жауаптарында Пактың алкоголь қолданбағанын айтқан. Алайда кейінгі сараптама оның ішімдік ішкенін растады. Сонымен қатар тексеріс кезінде мейрамхана шотында әртүрлі алкоголь өнімі болғаны анықталып, жалпы есеп 480 мың теңгені құраған.

ПОЛИЦИЯ ҚАНДАЙ КҮДІККЕ ІЛІНДІ

Сонымен қатар іс материалдарында полиция қызметкеріне қатысты бөлек қылмыстық іс тіркелгені айтылады. Ол сол кеште аталған топпен бірге болған және мас күйдегі адамның көлік жүргізуіне жол берген деген күдікке ілінген.

Адвокаттың айтуынша, құқық қорғау органы өкілі қызметтен тыс уақытта болса да, жүргізушінің мас күйде екенін біле тұра әрекетсіздік танытқан. Бұған дейін Мейірман Шекеев марқұм 22 жастағы Құмардың анасының мүддесін қорғағаны, алайда кейін жәбірленуші тарап өкілдерден бас тарту туралы өтініш бергені де атап өтілді.

Алматы қалалық полиция департаменті мен қалалық прокуратура аталған іске қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Back to top button