Әкемнің есімі Алматы көшелерінің біріне берілсе деймін – Бақытжан Жұмаділовтің ұлы

«Дос-Мұқасан» ансамблінің солисі Бақытжан Жұмаділовтің ұлы Ернар Жұмаділов көпшілікке үндеу жасап, әкесінің есімін Алматы қаласындағы көшелердің біріне беру бастамасына қолдау сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ернар Жұмаділовтің айтуынша, ол көп жылдан бері әкесінің есімін ұлықтау бағытында еңбек етіп келеді.
«Иә, мен – Бақытжан Жұмаділовтің ұлымын. Ол – аңызға айналған “Мистер Құдаш” және “Дос-Мұқасан” ансамблінің солисі. Көп жылдан бері әкемнің есімін ұлықтауға күш салып келемін. Алайда әкімшілік қолдаудың, қаржының немесе уақыттың жетіспеуі бұл істі жүзеге асыруға кедергі болып келеді», – деп жазды ол.
Үндеуінде Ернар Жұмаділов Алматы әкімдігімен немесе тиісті мемлекеттік органдармен байланысы бар азаматтардың көмегіне үміт артатынын жеткізді. Оның айтуынша, басты мақсаты – Алматы қаласындағы көшелердің біріне Бақытжан Жұмаділовтің есімін беру.
«Мүмкін, достарыңыздың немесе таныстарыңыздың арасында Алматы қаласы әкімдігінде қызмет ететін немесе сол жердегі жауапты тұлғалармен тікелей байланысы бар адамдар бар шығар. Менің мақсатым – Алматы қаласындағы көшелердің біріне әкем Бақытжан Жұмаділовтің есімін беру», – деді ол.
Ернар Жұмаділов әкесінің қазақ мәдениетін әлемдік сахнада насихаттауға зор үлес қосқанын атап өтті.
«Бақытжан Жұмаділов бүкіл ғұмырын қазақ мәдениетін әлемдік сахнада насихаттауға арнады. Сондықтан оның есімінің қала картасында пайда болуы – оның халқымыздың мәдениетіне қосқан зор үлесін лайықты бағалап, келер ұрпаққа қалатын әділ құрмет болар еді», – деді ол.
Сондай-ақ ол бұл бастамаға қолдау білдіре алатын азаматтарды тиісті байланыстармен бөлісуге немесе үндеуді таратуға шақырды. Оның пікірінше, бұл ұсыныстың Алматы қаласы басшылығының назарына жетуі маңызды.
Бақытжан Жұмаділов – қазақстандық әнші, музыкант, «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптық ансамблінің солистерінің бірі. Ол көпшілікке «Мистер Құдаш» деген шығармашылық лақап атымен кеңінен танылды. Өнер иесі қазақ эстрадасының дамуына елеулі үлес қосып, ұлттық музыканы шетел сахналарында насихаттауға атсалысты. Оның шығармашылығы бірнеше буын тыңдарманының ықыласына бөленіп, қазақ эстрадасының тарихынан өзіндік орын алған еді.